Жаңа жылға санаулы күн қалды. Мереке қарсаңында пиротехникалық заттардың саудасы қызып жатыр. Алайда мұндай бұйымдар жағымды эмоциямен қатар, денсаулыққа зиян әкелуі мүмкін. Отшашуды пайдаланудың да қауіпсіздік талаптары бар. Бірақ, оны ескермейтіндер көп.
Полицейлер сауда нүктелерін тексеріп, пиротехникалық өнімдердің лицензиясы мен сапа сертификатына ерекше назар аударуда. Арнайы рұқсаты жоқ орындарда пиротехника сатуға қатаң тыйым салынған. Себебі, күн сәулесі, қар немесе жауын-шашын түсу салдарынан кез келген уақытта жарылуы мүмкін.
ӘЛЕМ УӘЛИХАНҰЛЫ, ОБЛЫСТЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ ИНСПЕКТОРЫ:
Сертификатталмаған өнімдерді сатып алудан аулақ болу қажет. Бұл ретте арнайы лицензиясы жоқ жерлерден пиротехника өнімдерін сатып алуға мүлде болмайды. Бұл әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Заң талаптарын бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондай-ақ мұндай заттарды көпшілік жерлерде немесе арнайы белгіленбеген орындарда қолдану да қауіпті.Бірақ, сатып алып жатқандар көп.
ҚУАНЫШБЕК ҚҰРМАНҒАЛИ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Өзім жеке үйде тұрамын. Сосын да жер үлкен болғаннан кейін бізде енді үйлердің арасында қолдануға болмайды.
Бұдан бөлек, заңсыз шырша ағашын кесуге қарсы күрес күшейтілді. Мобильдік топтар құрылып, орман шаруашылығы инспекторларымен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр.Заңсыз ағаш кескендерге айыппұл 15 АЕК тен басталады.
НҰРГҮЛ ЖОЛДЫБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:
Қылқан жапырақты ағаштардың жас шыбықтарын заңсыз кесу, дайындау, тасымалдау және сату фактілерін анықтау және жолын кесу. Сондай-ақ экологиялық сипаттағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды ашу болып табылады.
Ішкі істер органдары тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, мерекелік күндері қауіпсіздікті ұмытпауға шақырады. Әрбір азамат қоғамдық жауапкершіліктің бір бөлшегі.