Венесуэлаға бағытталған қысым үдеп, АҚШ санкциялары Латын Америкасындағы бұл мемлекетті экономикалық тығырыққа тіреді. Жағдайдың ушығуына байланысты ел Президенті Николас Мадуро халықты жаппай наразылыққа шақырды. Сонымен қатар, Вашингтонның сыртқы саясатында тағы бір дау туындады. Ақ үй басшысы Дональд Трамп Гренландияға арнайы өкіл тағайындады, ал бұл шешім Дания тарапынан қатаң наразылық тудырды.
АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуеллаға қысым жасауды тоқтатар емес. Ақ үйдің қатаң талабынан соң, Кариб теңізінде жағдай ушыға түсті. Дональд Трамптың Венесуэламен арадағы мұнай саудасына толық тосқауыл жариялауы туралы пәрмені іске асып, америкалық сарбаздар күдікті кемені ұстап, барлық мұнайды тәркілеген еді.. Бұған ызаланған Мадуро әлемдегі барлық порт иелері мұнайшылар, газ саласының мамандары мен жұмысшыларын жаппай наразылық акцияларын ұйымдастыруға шақырды.
НИКОЛАС МАДУРО, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ:
Венесуэла жерін, байлығы мен егемендігін қорғауда күмәндану елге жасалған опасыздықпен тең. Жауыз мафияны айыптаудан тайсалу ұлттық мүддеге сатқындық. Бұл біздің қасиетті борышымыз!
Трамп Гренландияны АҚШ-қа қосу үшін арнайы өкіл тағайындады.Арнайы елші лауазымына Луизиана штатының губернаторы Джефф Лэндриді бекітті. Ал Дания үкіметі АҚШ-тың бұл шешіміне ресми наразылық білдірді. Елдің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен кез келген мемлекет, соның ішінде АҚШ та Дания корольдігінің аумақтық тұтастығына құрмет көрсетуге тиіс екенін қатаң мәлімдеді.
ЛАРС ЛЁККЕ РАСМУССЕН, ДАНИЯНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Президенттің арнайы өкіл тағайындағаны туралы хабар жаныма батты. Әсіресе, сол өкілдің Гренландияны Америкаға қосып алуға мандаты бардай сөйлегені көңіліме мүлдем қонбайды және бұл – мүлде қабылданбайтын әрекет.
Бір жағында -мұнай блокадасы, екінші жағында - аумақтық егемендік мәселесі. АҚШ-тың бұл шешімдері әлемдік қауымдастықтың қатаң сынына ұшырап отыр.