$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Мүлде жұмыс істемейтін кәсіпкерлерге бюджеттен қыруар қаржы бөлінген», - депутат

24.12.2025ж. 19:00
«Мүлде жұмыс істемейтін кәсіпкерлерге бюджеттен қыруар қаржы бөлінген», - депутат

Аудиторлық палата былықтың бетін ашты. Бюджеттен мүлде жұмыс істемейтін кәсіпкерлерге миллиардтап ақша бөлінген. Статистикада да шикілік көп. Министрлік құжатқа бизнес өкілдеріне көрсетілген көмек көлемін екі есе төмен көрсеткен. Ол ол ма, 133 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, 132 миллиардының есебі бұрмаланған. Әлихан Смайылов тағы қандай ақпаратпен бөлісті? Мұндай мәселенің артында тұрған кім? Аружан Задабек зерделеді. 

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Мемлекет басшысы бизнеске қолайлы жағдай жасау керек екенін бірнеше рет тапсырған. Артынан бұл іс қолға алынып, көмек көбейді. Үкімет «қатырып жатырмыз» деп есеп берді. Сөйтсек қазан қайнағанымен қақпақ өзгеде екен. Қаржы, шын мәнінде, мұқтажға емес, керісінше, іс жүзінде мүлде жұмыс істемейтін кәсіпкерлерге беріліп келген. Ал олардың бұл теңгені қайда, не мақсатта жұмсалғаны белгісіз. Аудиторлық палата сол үшін Ұлттық экономика министрлігін деректерді бұрмалады деп айыптап отыр.

Жұманғарин бастаған жауаптыларды айыптаған Әлихан Смайылов мәселенің әлі күнге дейін шешілмеуіне шүйлікті. Әуелі бизнесті бекемдейміз дедік, артынан берекесін кетіріп, бүлдірдік. Соңғы алты жылда мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға 4,5 трлн теңге бөлген. Бірақ Ұлттық экономика министрлігінің дерегі мұнымен мүлде сөйкес келмейді. Ведмоство қолдау көлемін екі есе төмен көрсеткен.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ЖОҒАРЫ АУДИТОРЛЫҚ ПАЛАТА ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысы 2024 жылғы қыркүйекте барлық мемлекеттік қолдау шарасына түгендеу жүргізуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірледі. Жұмыс алға жылжыған сияқты болды. Бірақ аудит бұл жұмыстардың шала жүргізілгенін көрсетті.

Иә, салада ұзақ жылдар бойы бірыңғай мемлекеттік саясат болмаған. Әр ведомство өз бетінше әрекет етіп келді. Сол кезде «ит жоқта шошқа үредінің» кейіпін кешіп жүр ғой деп ақтадық. 2023 жылдың сәуірінде бұл жауапкершілік Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді. Бірақ жүйеде тәртіп орнады деу әлі де қиын.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Аудит қорытындысы қаражаттың тиімділігі нақты нәтижемен емес, формалды көрсеткіштер мен көзбояушылыққа негізделген тәсілдер арқылы көрсетілгенін анықтады.

Жұмыстың жүйесіз жүргеніне бір ғана мысал келтіруге болады. Бір кәсіпкер 10 жыл бойы бюджеттен үздіксіз қаржы алып келген. Ол 19 түрлі қолдау шарасын пайдаланған. Бұл — мемлекеттік көмектің нәтижеге емес, баяғы жартаспен жорғалап келе жатқанын көрсетеді. Салдарынан шын мұқтаждар теңге ала алмай, керісінше, беттің арын белге байлағандар белшеден батты.

НҰРТAЙ САБИЛЬЯНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мемлекет Басшысының «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жөніндегі тапсырмасы әлі күнге дейін орындалған жоқ. Сондай-ақ, бір субъектінің әртүрлі операторлардан, әртүрлі қолдау құралдары арқылы үнемі қолдау алу жағдайлары анықталды.

Мұндай мысалдарды тізе берсең таусылмайды. Беті қалыңның жеңі жеңіл деген сайын «пайдаланып қалсам екен» дейтіндердің дәурені дүркіреп тұр. Мәселен, Павлодарда жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желі тартылған. Бұдан бөлек 37 млрд теңгеге қолдау көрсетілген компания сол ақшаға тек 1 адамды штаттық қызметке алған.

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Біздер қазір ондайға тыйым салдық. Қатаң кедергі. Қазіргі уақытта жаңа ережелерде ең кемінде стройкасы 30 пайыз дайын болу керек. Құжаттамалар бар, қалай дәлелдеу керек екенінің.Шоттарын көрсетеді, төлемдерін көрсетеді.

Енді ұялмаған үйір болған саланы жетілдіру міндеті тұр. Мұны Мәжіліс Төрағасы нақтылап өтті. Қазір қолданыстағы құралдардың көбі алға қойған міндетіне жете алмады. Сол үшін қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізу маңызды. Бұл, әдеттегідей, қолдау шараларының тізімін жасау деген сөз емес. Тиімділігіне терең талдау керек.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты міндет қойды. Ол – жеке кәсіпкерлікті қолдауды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру. Осы ретте, мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайтуға ықпал етуі керек. Бүгінгі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет назарға алуға тиіс. Бұл сұрақ тұрақты бақылауымызда болады.

Жоғары аудит 133 млрд теңге бюджет қаражаты тиімсіз жоспарланғанын айтты. 132 млрд болатын есеп бұрмаланған дейді. Ал қаржылық заңбұзушылық - 13 млрд теңге. Енді14 материал құқық қорғау органдарына беріледі. 105-і әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.