$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Биыл 1300-ге жуық жұмысшы маман мемлекеттік марапатқа ие болды – Е.Қарин

Биыл 1300-ге жуық жұмысшы маман мемлекеттік марапатқа ие болды – Е.Қарин

Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды. Астанада өткен салтанатты жиында «Еңбек жолы» республикалық сайысының жеңімпаздары анықталды.  Биыл Президент жарлығымен 1300-ге жуық қарапайым жұмысшы мемлекеттік марапатқа ие болған.  Жүздеген жылдар бойы бір саланың жілігін шағып, майын ішкен  еңбек әулеттерінің 138 өкілі сый-сияпатқа бөленді. 

Дәстүрлі «Еңбек жолы» байқауының «Үздік еңбек әулеті» аталымына - шығыс-қазақстандық Дёминдер отбасы лайық деп танылды. Олардың Риддер металлургиялық комплексіндегі жалпы еңбек өтілі – 650 жыл. Ал қарағандылық Волокитиндердің көмір өндірісіндегі еселі еңбегіне – 350 жылдан асты. Үздік үштіктегі түркістандық Дербисовтар отбасының  теміржолдан қол үзбей келе жатқанына биыл  340 жыл.

ЛЮДМИЛА ВОЛОКИТИНА, «ҮЗДІК ЕҢБЕК ӘУЛЕТІНІҢ» ӨКІЛІ:

Еңбек жолында таңдау әрқашан бар. Бірақ біз шахтада туып-өскендей бұл саланы жатқа білеміз. Менің отбасым бұл саладағы 4-ші ұрпақ. Балаларым бесінші буын. Ленин атындағы шахтада қызмет етіп жатқанымыздың өзіне 100 жылдан асты. Ал 4 буынның еңбек өтілін қоссақ, 400 жылға таяды. Біз қара жұмыстан бастап, саладағы жетекшілікке дейін жеттік. Бұл – нағыз адал еңбек.

Байқауда  жұмысшы жастарға 20 жылдан астам тәжірибесімен бөліскен  үздік тәлімгерлер анықталды. Сонымен қатар еңбек өтілі 5 жылдан аспаған  өндірістің жас әрі белсенді жұмысшылары іріктелді. Биыл еңбек жарысына 546 өтінім түскен.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Жұмысшы мамандықтар жылы біздің қоғам еңбекті ерекше қадірлейтінін көрсетті. Қоғамда елге нақты пайда әкелетін адамдар құрметті, сыйлы екенін байқатты. Кәсіби мамандарды дәріптеу алдағы уақытта да үздіксіз жалғаса бермек.

Экономикадағы белсенді еңбеккердің 3 млн 300 мыңы қарапайым жұмысшы маман. Оның ішінде 1 млн 200 мыңы – жас.  Олар 2 мыңға жуық техникалық кәсіпті дөңгелетіп отыр.

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ: 

Қазір еңбек адамының беделі артып, жұмысшы мамандыққа деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Адал азамат, адал еңбек ұғымдарының мәртебесі де артып келеді. Еңбек адамына қолдау білдіру «AMANAT» партиясының да басты ұстанымдарының бірі. Партия соңғы 3 жылда еңбек адамы жобасын жүйелі түрде қолға алды. Партия жанындағы «Жастар рухы – жастар қанаты» осы бағытта еліміздің барлық өңірінде ауқымды шаралар ұйымдастырды.

Ел бойынша жылына 24 кәсіби мереке тойланып, ерен еңбек жүйелі түрде ескеріледі. Биыл Республика күні қарсаңында түрлі салалардағы 500-ден астам қызметкер, еңбек әулеттерінің 138 өкілі, 200-ден астам ғалым, педагог және медицина қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталған.