АҚШ Венесуэла жағасын толық басып алды. Барлық кемені суға батырып, экипажын қамауға алып жатыр. Венесуэла Президенті болса: «Сыртқы саясатты қайтесің? Өз елің былыққа батқанда», - деп жауап берді. Владимир Зеленскийдің айтуынша, қазіргі АҚШ және Украина арасындағы бейбіт жоспарға келісімін берді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Венесуэла жағасы толық блокадаға ұшырады. АҚШ әскері барлық есірткі тасымалдайтын емес, заңсыз мұнай контрабандасымен айналысып жүрген кемелерді суға батырып жатыр. Трамп болса, Венесуэла Президенті Мадуроға соңғы мүмкіндік беретінін мәлімдеді.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мадуро -ойына не келсе, соны істейтін зұлым диктатор. Оның үстіне, есірткімен елді улап, мұнайды заңсыз сатып жатыр. Егер, маған да сес көрсетемін десе, ол оның соңғы ессіз қадамы болады.
Ал Мадуро Трампты екіжүзді деп айыптады. Оның айтуынша, АҚШ соғысып жатқан елдерді татуластырып, бітімгер болып жүр. Дегенмен, Венесуэлаға қатысты жаугершілік саясат жүргізуде.
НИКОЛАС МАДУРО, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ:
Трампты сауатты саясаткер деп айту қиын. Тәуелсіз, егеменді ел деген ұғымды оған түсіндіру керек секілді. Ол өзінше сыртқы саясатты жүргізіп, көзбояушылық жасағысы келеді. Бірақ, оның шын мәнінде қандай екенін білгілеріңіз келсе, бізге қараңыздар.
Украина мен АҚШ жасаған бейбіт жоспарға Зеленскийдің көңілі толады. Сондықтан, соғысты тоқтату толығымен Ресейдің жауапкершілігінде. Кімнің шын мәнінде бейбітшілік орнатуға ниетті екенін жақын уақыттарда көреміз, - дейді Украина Президенті.
ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз апталар бойы тоқтамай АҚШ-пен келіссөз жүргіздік. Көпшілікке оңай болып көрінгенімен, делегацияларымыз ұйықтамастан еңбек етті. Әлбетте, ол жобаның соңғы мәтіні Ресейге де, тіпті, бізге де ұнамауы мүмкін. Бірақ, диалогты жандандыру үшін бұл диалогқа жаман емес деген баға беремін.
Трамп АҚШ теңіз күштерінің «Алтын флотының жобасын таныстырды. Алдағы уақытта әлемдегі ең үлкен әрі ең қуатты екі линкор салынбақ.