$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Биыл Қазақстан бойынша теледидар аудиториясы 21%-ға өскен

24.12.2025ж. 19:00
Биыл Қазақстан бойынша теледидар аудиториясы 21%-ға өскен

Елімізде телекөрермен саны өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көбейді. Биыл Қазақстан бойынша теледидар аудиториясы 21%-ға өскен. Ұлттық медиа қауымдастығы Алматыда өткен қорытынды конференцияда жаңа статистиканы ұсынды. Қай өңірлер жоғары көрсеткішке жетті? Тілші тарқатады.

Соңғы статистикаға сәйкес, шағын қалалар мен ауыл тұрғындарының 44%-ы күнде теледидар қарайтын болып шықты. Ал мегаполистерде бұл көрсеткіш  35%-ға жетті.  Жалпы республика бойынша күнделікті қамту деңгейі- 40%.

КЕМЕЛБЕК ОЙШЫБАЕВ, ҰЛТТЫҚ МЕДИА ҚАУЫМДАСТЫҒЫ БАЙҚАУ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ауылдарда қазақтілді контент 85 пайызға дейін өскенін көріп тұрмыз. Үлкен қалаларда бұрынғы өлшемдердің көрсеткіші бойынша қазақтілді контенттің қабылдануы 60 пайыздың деңгейінде болатын. Телевидение қарайтын орташа уақыт есебі де өсті. 2 жарым сағаттан 3,3 сағатқа дейін өсті.

Шағын қалалар мен ауылдарда тәулігіне 198 минут теледидар қаралады. Бұл ірі аймақтардағы көрсеткіштен 21 минутқа артық. Яғни, мегаполис халқы күніне орта есеппен 177 минут көгілдір экранға уақыт бөледі.

ТАТЬЯНА СТАРЦЕВА, K RESEARCH CENTRAL ASIA КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Біз көрермен аудиториясының нақты демографиялық ерекшеліктерін саралап көрдік. Нәтижесінде олардың жасы анағұрлым жас екені анықталды. Әсіресе 18–25 жас аралығындағы жастар теледидарды көбірек әрі ұзақ уақыт қарайды. Бұл үрдіс ірі қалалардан тыс өңірлерде айқынырақ байқалады.

Мамандардың айтуынша, теленарық деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жақсы көрсеткішке жетіп келеді. Әрине, бұл өз кезегінде зерттеу аумағының кеңеюі мен телеарналар арасындағы бәсеке қабілетін арттыруға септігін тигізбек.