$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Денсаулық сақтау бойынша Қазақстан дүниежүзінде 60-орынға көтерілді

Денсаулық сақтау бойынша Қазақстан дүниежүзінде 60-орынға көтерілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының даму бағдарламасына сәйкес Қазақстан 193 мемлекеттің ішінде 60-шы орынға көтерілді. Былтырғымен салыстырғанда бұл 7 позицияға жоғары көрсеткіш. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа тұрақтаған. Ал нәресте өлімі 20, жалпы өлім-жітім 2,7 процентке төмендеді.  Бұл - халық денсаулығын нығайту бойынша жүйелі жұмыстың көрнекі нәтижесі.

Инъекциялық емес аурулардан болатын өлім-жітімді азайту бойынша Қазақстан Орталық Азияда алға шықты. Елдегі дәрігер тапшылығы 19 процентке қысқарды. Ауылдарда денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша 2 жыл ішінде 646 жаңа емхана қолданысқа берілді. Жас дәрігерлердің үштен екісі елдімекендерге жұмысқа орналасты. Онкологиялық бағытта  6 сәулелік терапия, 19 эндоскопиялық орталық ашылды. Бұрын-соңды тек республикалық бейінді орталықтарда жасалған күрделі операциялар аудандық ауруханаларда да жасала бастады. 

ӘСЕЛ ҚЫДЫРӘЛИЕВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Шымкент қаласындағы ауто-трансплантация, яғни, пациенттің өзінің істен шыққан бүйрегін қалпына келтіріп, қайтадан өзіне іске қосу. Одан бөлек сүйек сегменті. Тимпонопластика операциялары да қазіргі таңда осы өңірлерде бір-бірлер жетілдіріліп кеңінен пайдаланылып келеді. Биыл 18 адам мәйіттік донорлыққа рұқсатын беріп, 60-тан аса пациентке трансплантациялық операция жасалды.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы табысты қолданып отырған заманауи жабдықтың бірі – EDGE Varian радиохирургия жүйесі. Дәстүрлі оталардың бұл баламасы кезінде тілік жасалмайды. Тіпті наркоз да берілмейді. Терапия жоғары дәлдігімен, сау тіндерге барынша аз әсер етуімен ерекшеленеді. Бұл тәсілмен емделгендер қысқа уақытта аяққа тұрып кетеді.

СӘНИЯ ИСАТАЙ, ҰЛТТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ:

Біздің әдістің гамма пышақтан айырмашылығы ол – имвазивті емес, яғни, гамма пышақта тек қана бас ми, бас сүйек тамырларына әсер етсе,  біздің сәулелі ем өкпеге де, бауырға да, бас ми метазтаздарына да әсер етеді. Науқастар бірнеше апта бойы жатпайды біздің стационарда. Көбінесе, тек қана 1-5 күнге дейін емдерін алып, қайта берулеріне болады. Жанама әсерлері аз немесе жоқ.

Денсаулық сақтау саласын инвестициялау 2025 жылы 8,4 процентке артты. Ал 2029 жылға қарай ұлттық медициналық құрал-жабдық өндірісіне басымдық беру үшін 2 трлн теңге бөлу көзделіп отыр. Мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жаңа жылда тағы 48 бейінді бөлімше ашылады.