$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз саудалаудың 90-ға жуық дерегі анықталды

AstanaTV
25.12.2025ж. 19:00
Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз саудалаудың 90-ға жуық дерегі анықталды

Пиротехникалық бұйымдарды заңсыз саудалаудың 90-ға жуық дерегі анықталды.  Қазір елімізде рейд жүріп жатыр. Тексеріс нәтижесінде заңсыз сатылған 100-ге жуық қорап және 700-ден астам сертификаты жоқ отты шашу тәркіленді.  Өңірлердегі тілшілеріміз  мамандармен рейдке шығып, біраз жайтты көрді. Өздері қазір толығырақ жеткізеді. Үсен, Астанадан бастайық.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Рахмет, Лаура! Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын пиротехникалық өнімдерге сұраныс артып келеді. Сондықтан бүгін Астана қаласында Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция қызметкерлері бірлесіп, пиротехника сататын сауда орындарына рейд жүргізді.

Қалада әзірге 61 сауда нүктесінің ғана отшашу сататын рұқсат қағазы бар. Бірақ, олар сатылымды 26-27 желтоқсаннан бастайды.  Алайда пиротехникалық тауарларды заңсыз саудалап жатқандар да көп.

ЖАСЫРЫН КАМЕРА:

Сіздердікі ма? Ассалаумағалейкүм, салют қанша?

Қайсысы?

Анандай золотой песок дегені ше?

Мынау 2000 теңге

Екеуі ма?

Иә

Негізі лицензия бар ма сіздерде сатуға?

Не болды

Сұрап жатырмыз да, өзіміздің қауіпсіздігіміз үшін деп жатқаным ғой 

Не қауіпсіздік керек сізге?

Енді мынау атылса,мүмкін брак шығар, ертең не то атылатын шығар

Лицензия жоқ.

Біз мұны жасырын камерамен түсірдік, болмаса, рұқсат бермейді. Ал өзі рұқсатсыз тауар сатқаны үшін жазаланады. Алматы ауданы бойынша 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.  

ЕЛАМАН МАХМЕТОВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ӘКІМШІЛІК БӨЛІМІ ҚЫЗМЕТТІК ҚАРУ АЙНАЛЫМЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ:

196 бап бойынша штраф салынды, ол бізде 25 МРП болады қазіргі таңда.196 бап бойынша біз ол кісілердің тауарларын тәркілейміз және келесі жылдың бірінші айынан бастап, мына праздниктердің бәрі біткен кезде қайтадан тауарларын қайтарып береміз. Оларда қолдарында сертификаттары бар болатын болса егер де.

Отшашуды сатып алып жатқандар баршылық. 

БЛИЦ:

- Оның қажеті жоқ қой оның. Біздің дәстүрімізге керек емес қой ол.

- Енді балаларға аламын ғой.

- Мен сатам салют, родной, мен айтпай ақ қояйын лучше.

Ешкім қауіпсіздік талаптары туралы айтпайды, сол себепті төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға  түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. 

АСХАТ КАБИДЕНОВ, АЛМАТЫ АУДАНЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ең алдымен, отшашуларды тек ашық алаңқайларда іске қосу керек. Бұл ретте кез келген ғимараттар мен автокөліктерден кемінде 50 метрлік қашықтықты сақтау - басты талап.

ҮСЕН АСТАНА, ТІЛШІ:

Пиротехниканы сондай-ақ, ағаштардың жанында, шатыр астында немесе желді ауа райында   қолдануға қатаң тыйым салынады, себебі бұл өрт қаупін тудыруы мүмкін. Полицейлер, төтенше жағдай қызметі қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Өзге өңірлерде де солай деп ойлаймын, Сөз атыраулық әріптесім Базаргүл Нәдірқызында.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Рахмет, Үсен! Ал атыраулықтар арнайы сертификаты жоқ пиротехникалық бұйымдарды әлеуметтік желі арқылы жарнамалап сатуға көшкен.  Алайда полицейлер отшашудан  тасада отырып-ақ пайда көрмек болғандарды  қарапайым сатып алушы болып анықтап жатыр.

Қазірдің өзінде 12 кәсіпкердің  заңсыз тауарды саудалағаны  белгілі болды.  Оларға 25 айлық есептік көрсеткіш  көлемінде айыппұл салынған.  Былтыр осындай 40 кәсіпкердің сертификатталмаған отшашуы тәркіленген болатын.

АРОН КЕНЖЕБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ ИНСПЕКТОРЫ:

Іс-шара кезінде ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы, яғни пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде пайдалану бойынша 1 әкімшілік хаттама, ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы, тауарлармен немесе өзге де заттармен заңсыз сауда жасау бойынша 12 әкімшілік хаттама толтырылды.

Осыдан екі жыл бұрын  жаңа жыл түні өрт қауіпсіздігін сақтамағандықтан қаладағы Нұрсая ықшам ауданында көпқабатты үйдің сыртқы қаптамасы  толық жанып кеткен еді. Тілсіз жаумен 50ден астам өрт сөндіруші бір сағатқа жуық алысқан. Былтыр еліміз бойынша алпыстан астам адам отшашудан опық жеген. Көбінің көзі мен қолына зақым келген. Бірақ оны елеп жатқандар аз.

СӘБИТ БОРАШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің статситикалық мәліметтерге сәйкес сағат 12 ден кейін, ауысқан уақытта ең бірінші біздерде жарақан алулар көп болады. 12 ден уже 1 минут кеткен кезде біздерге қалалық өрт сөндіру бөлімдеріне шақыртулар түседі. Уже 1 минут кеткенде,яғни, олар бағанағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің балкондарында орын алатын өрттер.

Отшашу атып, тыныштық бұзғандарға да жаза бар. Куәгерлер шағымданса, айыппұл арқалауға тура келеді.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Пиротехника баланың ойыншығы емес. Оның зардабы  өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан мамандар жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында  барлық сауда орындарында рейд жүргізіп, түсіндіріп жатыр. Бұл нәтижелі болса игі. Павлодардағы жағдайды әріптесім Өзгеріс айтады.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодарда пиротехника өнімдерін заңсыз сатқан 5 тұлға анықталды. Тәртіп сақшылары  жалпы соммасы 2 млн. теңге болатын  от шашуды тәркіледі. Заңсыз саудамен айналысқандардың үшеуі Екібастұзда, біреуі Павлодарда.

Жаңа жыл қарсаңында қала көшелерінде де пиротехникалық өнім сататындар көбейген. Рейд барысында ешқандай рұқсат қағазы жоқ 2 сатушы анықталды.

ТІЛЕКЖАН ГАЛЯМОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Пиротехникаға қарсы рейд жұмыстары 10-желтоқсаннан басталды. Бүгінге күнге дейін Павлодар қаласы бойынша заңсыз пиротехниканы сату 2 тұлға анықталды.

Бірінші кезекте  сатушының лицензиясы бар жоғын сұрау керек. Екінші кезекте заттың жарамдылық мерзімін қарау қажет.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазіргі таңда мамандар күн сайын пиротехника өнімдері бойынша рейд жүргізіп жатыр. Шара қаңтар айының соңына дейін жалғаспақ.