Алматы облысында «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» атты президенттік шырша өтті. Жыл сайын өңірлерде дәстүрлі түрде атап өтілетін іс-шараға аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан, спорт пен шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды оқушылар қатысты.
Президенттік шыршада облыстың дарынды балалары мен ұлттық чемпионат жеңімпаздары марапатталды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев «WorldSkills Kazakhstan» байқауының 13 жүлдегері мен 34 озат білім алушыны құттықтады.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:
Ескі жыл қорытындысын айтып, бәріміз осы күнге үздік оқумен, жақсы жетістіктермен жетіп жатырмыз. Облыстың мәртебесін көтеріп, намысын қорғап, ауыл мектептері арасындағы ең үздік болып, Алматы облысын бірінші орынға шығарған оқушылармен кездестік. Міне, алдарыңызда тұр.
230 бүлдіршін жылан жылын шығарып салып, жылқы жылын қарсы алу рәсімін өткізді. Мерекелік іс-шарада әртүрлі аспаптың сүйемелдеуімен нағыз шоу болды.
ҚУАТ БАЙҒОДЖАЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бұл жерде ерекшелігі Алматы қаласындағы балалар театрының әртістері, үлкен қуыршақтар өздерінің көріністерін көрсетіп жатыр. Балалардың көңіл күйі өте жақсы.
УМУ БОРАНБАЕВА, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ:
Мен 5-сынып оқимын. Маған жаңа жыл қатты ұнап жатыр. көп адамдар өнерін көрсетіп. Аниматорлар маған қатты ұнады.
Шара барысында облыс әкімі әр ауданнан келген үлгілі балақайларға арнайы сертификат пен сыйлықтар табыстады.