Жаңа жылда мұғалімдерге жаппай сыйақы беріле ме? Оқу-ағарту министрлігі мәселеге қатысты пікір білдірді. Негізі мемлекеттік мейрамдар қарсаңында төленетін теңге әр білім беру ұйымының жылдық бюджетінен үнемделген қаржы есебіне байланысты. Білім беру жүйесінде тігінен, вертикальді басқару жүйесі орныққан. Яғни, әр аудандық білім бөлімінің қаржысы бөлек-бөлек жасақталады. Елімізде 8 мың мектеп болса, 220 аудандық білім бөлімдері осы білім ошақтарының жылдық қаржы есептерін қабылдап, жаңа жылдағы қаржы қорын бекітеді.
ЖҰМАШЕВ ҚАНЫБЕК, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ОРТА БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
Бізге келген ақпарат бойынша, әсіресе басқару формасы өзгерген, шаруашылық жүргізу құқығына ие болған мектептерде бұл жағынан жақсы үрдіс бар. Әр мемлекеттік мейрам қарсаңында педагогтерге белгілі бір сыйақы төленіп отыр. Сыйақы тек мектеп бюджетінен үнемделген қаржы есебінен төленеді.