$541.34 €640.73 ₽6.53
×

13 бала уланған аквапарктің иесіне 1,8 млн теңге айыппұл салынды

13 бала уланған аквапарктің иесіне 1,8 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Желтоқсан айында жеке кәсіпкерге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері тоқтатылып, іс Атырау қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотына жолданған. Бұл туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өкілі мәлімдеді.

Арада 5 ай өткен соң, көпшілікті алаңдатқан жағдайға қатысты тексерістің қорытындысы шықты. Нәтижесінде бассейндерден алынған 12 сынамаға жүргізілген бактериологиялық және санитарлық химиялық талдауларда судағы хлор мөлшерінің нормативтік көрсеткіштен 2,5 есе жоғары болған.

— Қазір көрсетілген мекемеге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері тоқтатылып, одан әрі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы іс шаралар жүргізілді. Аквапарктердегі сулардан сынамалар алынып, бактериологиялық, вирусологиялық, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге тапсырылды. Нәтижесінде бактериологиялық, санитариялық-химиялық талдаулардан хлордың жоғары шамадан тыс екені анықталды, — деді Атырау қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бөлімінің басшысы Қаламқас Аманжолова.

Еске сала кетейік, шілде айында жекеменшік аквапарктердің бірінде 13 бала хлор буына уланып, зардап шекті. Тексеріс барысында аталған аквапарк санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз және заң талаптарына сай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені белгілі болды.