Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов азаматтық қырағылығы мен белсенді ұстанымы үшін такси жүргізушісі Алексей Бортовойды Алғыс хатпен және ведомстволық қолсағатпен марапаттады. Ол бұл әрекеттің ел тұрғындары тарапынан жоғары бағаланғанын атап өтті.
– Сіздің қырағылығыңыздың арқасында ірі көлемдегі алаяқтықтың алдын алу мүмкін болды және зейнеткердің қаражаты сақталып қалды. Бұл – ата-ананың берген дұрыс тәрбиесінің, отансүйгіштіктің әрі өзгенің тағдырына бейжай қарамаудың айқын көрінісі, – деді Болат Нұрсейітов.
Айта кетейік, 22 желтоқсан күні кешкі уақытта такси жүргізушісі алаяқтардың құрбаны бола жаздаған зейнеткерді учаскелік полиция пунктіне жеткізген. – Кешкі уақытта тапсырыс түсті, бір затты жеткізу қажет болды. Алайда жеткізу ақысының тым жоғары болуы күмән тудырды. Барған кезде жөнелтушінің жасы үлкен әже екенін көрдім. Не жіберіп жатқанын сұрағанымда, ол нақты жауап бере алмай, асығып, қобалжып тұрды. Бір нәрсенің дұрыс еместігін сезіп, әжені көлікке отырғызып, полицияға апардым. Бұған дейін полиция қызметкерлері алаяқтардың осындай схемалары туралы ескерткен болатын. Сондықтан барлығын тексерген жөн деп шештім. Полицияда оның алаяқтардың құрбаны болғаны және белгісіз адамдарға 8,5 млн теңге бермек болғаны анықталды. Неліктен ақшаны бейтаныс адамдарға бергісі келгенін өзі де түсіндіре алмады. Менің орнымда кез келген адам осылай істер еді деп ойлаймын. Ең бастысы – бәрі аман-есен, – деді Алексей Бортовой. Полиция азаматтарды барынша сақ болуға шақырады: ешбір мемлекеттік орган ақшаны "сақтауға" алмайды және курьер жібермейді. Мұндай қоңыраулардың барлығы – алаяқтардың әрекеті.