$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Енді мемлекет көмірсутекке бай аумақтарда зерттеу жүргізетін инвесторларға қолдау көрсетеді

29.12.2025ж. 19:00
Енді мемлекет көмірсутекке бай аумақтарда зерттеу жүргізетін инвесторларға қолдау көрсетеді

Енді елде көмірсутектер мен уран саласында жер қойнауын пайдалану мәселесі жетілдіріледі. Мемлекет басшысы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы нормаға қол қойды. Құжатта аз зерттелген аймақтар деген ұғым бар. Бұдан былай тап  осындай учаскелерде барлау және байыту жұмыстарын жүргізуге басымдық беріледі. Сонымен қатар уран өндіруші ұлттық компанияның рөлін күшейту көзделген. 

Бұл норма, ең алдымен, мұнай мен газды барлау жұмыстарын жандандыруға бағытталған. Енді мемлекет көмірсутекке бай аумақтарда зерттеу жүргізетін инвесторларға қолдау көрсетеді. Мұндағы мақсат – жаңа кен орындарын анықтап, өндірісті арттыру. Жаңа заң уран саласын да айналып өткен жоқ. Уран – ел үшін стратегиялық маңызы бар ресурс. Сондықтан оны барлау жұмыстары тек ұлттық мүддені ескере отырып жүргізіледі. Осыған байланысты зерттеу құқығы тек осы саладағы ұлттық компанияға ғана берілетін болды.

БАХТИЯР ЗКРИЯ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРЛІГІ ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Президент заңды қабылдады. Бұл Заң пайдалы қазбаларды өндірудегі әкімшілік кедергілерді жоюға және геологиялық барлау саласына көңіл бөлуге бағытталған. Бұл, бірінші кезекте, аз барланған жерлерді зерттеу үшін қабылданды. Осы арқылы барлық аймақта пайдалы қазбалардың картасын жасауға мүмкіндік береді.

Мұнай өндіру көлемін көбейтуге бағытталған өзгерістер де бар. Заң жер қойнауын пайдаланушыларды өндірістің тиімді әдістерін қолдануға ынталандырады. Ал алыпсатарлыққа жол бермеу үшін келісімшарттың алғашқы үш жылында жер қойнауын пайдалану құқығын басқа біреуге беруге тыйым салынады. Одан бөлек, заң жобасында бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, бизнес үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында аукциондарды жеделдетілген тәртіппен өткізу де қарастырылған.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бізде аз зерттелген бассейндер бар. Соларға қаржы тарту, егер қазба байлық табылып жатса оны әрі қарай игеруге мемлекетке білік береді. Сондай жеңілдіктер қаралған. Одан кейін уран саласында өзіміздің мүддемізді қорғау мемлекеттік, сондай нормалар енгізілді.

Қазақстан бүгінде уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұр. Былтыр еліміз әлемдік шикізат өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етіп, 23 мың тоннаға жуық уран өндірді. Ал барланған қор 1,3 миллион тоннадан асады. Қабылданған заң өндіріске одан әрі серпін беріп, дамуына айтарлықтай үлес қосады. Мамандар пікірі – осы.