$541.34 €640.73 ₽6.53
×

АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді

АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік береді

Трамп пен Зеленский Флоридада келісімге келді. Соғысты тоқтату бойынша бейбіт жоспар 90 пайызға келісілді. Дегенмен, Украина толық беріле қоймады. Аумақтық тұтастық мәселесі бойынша ешкімге беріспеймін, - дейді Зеленский. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

АҚШ Украинаға қауіпсіздік кепілдемесін береді. Трамп өзінің Мар-А-Лагодағы резиденциясында Зеленскийді қабылдады. Соғыс аяқталғаннан кейін елді қорғау бойынша міндеттемені АҚШ өз мойнына алады. Бүгінде бейбіт жоспар бойынша келісім 90 пайызға дайын. Тек екі пунктты тараптар айналып өтті.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барлығы осы қарқынмен жалғаса берсе, бірнеше аптада соғыс аяқталуы мүмкін. Дегенмен, бүкіл келіссөздердегі уағдаластықтар әп-сәтте жоқ болып кетуі ғажап емес. Біріншіден, тараптар соғысты аяқтауға ниеттенуі керек. Мен жақын арада Путинге телефон соғып, ұсыныс жасаймын.

Дегенмен, Зеленский айтқанынан қайтпайтынын көрсетті. Аумақтық тұтастық мәселесі бойынша келісімге келмейтінін мәлімдеді, Украина Президенті.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Кейбір мәселелерді мен шешпеймін. Ол Украина халқының құзыретінде. Менің жерлерді таратуға еш құқығым жоқ. Аумақтық тұтастығымыз бүкіл ұрпақтар алдындағы асыл қазынамыз. Оны Президент Трампқа жеткіздім. Одан бөлек, Еуропалық әріптестерімізбен де сөйлесеміз.

Канада Украинаға 1,8 млрд доллар қаржылай көмек көрсетеді. АҚШ-қа барар алдында Зеленский Канадаға да аялдады. Бұл соғыстан кейін елді қалыпқа келтіруге бағытталады, - дейді Марк Карни.

МАРК КАРНИ, КАНАДА ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біз 2,5 млрд канадалық доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетеміз. Ол, Украинаның бюджетін толықтырып, кепілдеме ретінде сақталады. Осылайша, Бүкіләлемдік банк, Еуропалық Банк пен өзге қорлар елді қалыпқа келтіру процессіне қаржыландыру бөледі.

Израиль Сомалиленд тәуелсіздігін мойындады. Содырлар елі – Сомалидің Солтүстік бөлігіндегі бұл аймақ, орталық билігін мойындамай, азаттық соғысына дейін ұласты. Тиісті жарлыққа қол қояр тұста, Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, өзінің әріптесіне телефон арқылы хабарласып құттықтады.