$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Үкімет келесі жылы 12 заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр

30.12.2025ж. 19:00
Үкімет келесі жылы 12 заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр

Үкімет келесі жылы 12 заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Үшеуі -Мемлекет басшысының тапсырмасы. Оның ішінде мемлекеттік мүлік мәселелері мен онлайн-платформалар және масс-медиадағы өзгерістерді көздейтін нормалар бар. Ал биылғы жоспар толығымен орындалды. Әлеуметтік маңызды бастамаларға ерекше назар аударылды. Парламент 5 заң қабылдап, Президентке қол қоюға жолдаған. Тағы 14 норма Парламент қарауында.

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Жоғарыда көрсетілген заң жобаларынан басқа, жоспармен Парламентке «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы», «Тұрғынжайды табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы», «Жұмылдыру туралы» және оған ілеспе заң жобалары, жыл сайынғы «2027 — 2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы», сондай-ақ еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері, міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша дербес заң жобаларын енгізу көзделген.

Биыл маңызды заңдар қабылданды. Оның ішінде Медициналық сақтандыру, құқық бұзушылық профилактикасы, баламалы энергетиканы дамыту, инвестициялық қорларды реттеу және басқа да маңызды мәселелер қамтылған. Үкімет басшысы бұл істі әрі қарай ілгерілетуді тапсырды. Бастысы, тым ұзаққа созбай, дер кезінде шешім шығару керегін айтты. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Мысалы, денсаулық сақтау туралы заң жобасын Үкіметке енгізу мерзімінен 30 күнге кешіктірілді. Мұндайды доғару қажет. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары заң жобалау жұмыстары жоспарының уақтылы іске асырылуын тікелей бақылауда ұстауы тиіс. Сондай-ақ бірқатар жобаға Үкімет Аппараты мен Президент Әкімшілігінің ескертулерінен кейін көп өзгерістер енгізіліп, қайта пысықталады.