$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Көктайғақ астаналықтарды әбігерге салды

Көктайғақ астаналықтарды әбігерге салды

Астанада көктайғақ. Қалада қозғалыс қиындап, жұрт әбігерге түсті. Қыстың қақ ортасында жауған жаңбыр айналаны айнадай қылды. Тайып-жығылып жатқандар бар.  Бұндай ауа райы қашанға дейін жалғасады? Синоптиктер не дейді?    Еркелді Тілеуқұлдың сюжеті.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Жаңа жылға дастархан жайып, сыйлық алып жанталасқан жұрт тайғанап, діттеген жеріне жете алмай тұр. Екі аттам жерді жүріп өтуге менің де қауқарым жетпей жатыр.

Тәртіпке бағынған көлік апаттан алыс болады. Бірақ, жаяу жүргіншілерге көктайғақта қауіп еселенеді. Қала тұрғындары бұндай жағдайды күтпегендерін айтуда.

БЛИЦ:

- Мынау не деген сұмдық? Катокқа айналды бүкіл жер. Жерді ерітетін бірдеңе себуші еді ғой. Қайда сондайлары?

-Таңертең шыққан кезде қайтты тайғанақ болды. 3-4 рет құлай жаздадым.

- Құм себу керек. Сол кезде дұрыс болушы еді.

Мұзға құлап, жарақат алғандар бар. Сондықтан мамандар көшеге шыққанда абай болуды ескертеді.

АЛЕКСЕЙ СОЛОД, ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС ТРАВМАТОЛОГ МАМАНЫ:

Көктайғақ кезінде, ең алдымен аяқ-киімді дұрыс таңдау керек. Биік өкшеден бас тартып, табаны мықты етік киген абзал. Асықпай жүріп, қадамдар қысқа болуы тиіс. Қолдарыңыз бос болса, тепе-теңдік сақтау үшін қолайлы. Құлаған жағдайда бірден дәрігерлерге жүгінген дұрыс.

Қазгидромет ақпаратынша, еліміздің өзге өңірлерінде де көктайғақ болады.  Кей облыста қар жауып, боран соғады.

АРУЖАН МҰРАТОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

30-31 желтоқсанда Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарында және Ұлытау облысында жауын-шашын жаңбыр түрінде басталып, қарға ауысады. Ал, Республиканың Оңтүстік бөлігінде жауын-шашын негізінен жаңбыр түрінде болады деп болжануда.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әкімдік мәліметінше, бір түнде  бас қаладан 17 мың текше метр қар шығарылған. Таңертеңнен бері 1,5 мыңға жуық техника мен 3 мыңнан астам жұмысшы аянбай еңбек етуде.