$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жаңа жыл лебі: базардағы береке, қаладағы мереке

AstanaTV
30.12.2025ж. 19:00
Жаңа жыл лебі: базардағы береке, қаладағы мереке

Жаңа жыл жақындаған сайын қарбалас күшейді. Бірі жақынына қуаныш сыйлау үшін сыйлық іздеп жүрсе, бірі мерекелік дастарханның қамымен әбігерге түсуде. Қазір біздің тілшілеріміз өңірлердегі мейрам алдындағы көңіл күйді жеткізеді... Айғаным, сөз сізде.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Рақмет, Бекболат! Жаңа жыл жақындаған сайын базар да ерекше күйге енеді. Мұнда қазір мерекелік қарбалас. Мандариннің иісі, жарқыраған ойыншықтар - бәрі жаңа жылдың жақындағанын сездіреді. Ендеше бізбен бірге базардағы атмосфераны сезініңіздер.

Жаңа жылдың символы - мандарин. Сөрелерде оның  түр-түрі самсап тұр.

Сәлеметсіз бе аға!  Мандариндер қалай өтіп жатыр?

- Жақсы

-Сұраныс көп пе?

-Әрине, жаңа жыл ғой. Мына мандариндер жапырағымен сұранысқа ие болып жатыр

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Көріп тұрғандарыңыздай, азық-түлік дүкеніне кезек өте көп. Жаңа жылдық дастархан жаюға бәрі де атсалыса дайындалуда.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Жаңа жылдың сәні-тәтті сыйлықтар. Базарда бұл сыйлықтарға да сұраныс көп сияқты. Сауда қалай болып жатыр?

- Сауда өте жақсы. Бізде қазір сезон. Барлық клиенттер балаларына тәтті алып жатыр.

- Сатып алушылар көп пе?

-Иә, өте көп. Үлгермей жатырмын. Сатып алушыларға баруым керек

Иә, бүгін дүкен иелерінде уақыт жоқ. Базарда сыйлық іздеп жүргендердің де қарасы қалың.

БЛИЦ:

- Бала-шағама, жолдасыма, семьяма кішкентай подарок, кішкентай внимание

- Жақындарыма сыйлық іздеп жүрмін. Ертең Алматыға қайтамын

- Балаларыма осындай көзілдіріктер алдым. Дастарханда мерекелік көңіл-күйді сезіну үшін.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

Әне-міне дегенше, жылқы жылы табалдырықтан аттағалы тұр. Сатушылардың айтуы бойынша, жылқы сувинерлеріне сұраныс көп. Басқа да ойыншықтар сұраныс көптігінен таусылып та қалыпты. Базардағы атмосфера осындай. Жаңа жыл құтты болсын. Жомарт, Алматыда көңіл-күй қалай? Жаңа жылға дайынсыздар ма?

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Рақмет, Айғаным! Мереке лебі Алматының әр бұрышынан сезіледі. Қала көшелері мен сауда орындарында халықтың жүзінен қуаныш, көңілінен көтеріңкі күй байқалады. Жаңа жылға дайындық қызу. Біреу соңғы қажетті заттарын алып үлгеруге асықса, енді бірі мерекелік сыйлық іздеп жүр.

Күннің қабағы ашық +6 градус шамасындағы жылы леп жұртты жадыратып, думанды мерекенің лебін сездіреді. Саудагерлер мен сатып алушылардың әңгімесі, балалардың шат күлкісі  көңіл күйді онан сайын көтереді.

БЛИЦ:

- Бүгін келсек вобще адам өте көп. Бәрі жүр. Негізі күшті да новогодный настроение қазір сезіп жатырмын. Балама сыйлықтарды алып көрсетпеу үшін осылай тығып пакеттің артында жүрмін да. Ертең аяз ата алып келеді деп жүрмін.

- Өздеріңіз көріп тұрғандай халық өте көп. Біреулер подарка алып жатса, біреулер төсек жабдық дегендей. Вобщем 2026-ға у шу боп жатыр енді. Мен өзім де сатамын. Зат сатып жатырмын артымдағы. Өзіміз де сатып жатырмыз...

Биыл Алматы қаласына 80-нен астам шырша орнатылған. Ең биігі 22 метр. Тегін 11 мұз айдыны жұмыс істеп тұр. 

ЖОМАРТ ТҮЗЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қалада жаңа жыл алдындағы қарбалас осындай. Айнала жарқыраған жарық шамдар, жалт-жұлт еткен жылтырақ безендірулер керемет.  Басты жаңажылдық концерт дәстүр бойынша ертең өнер жұлдыздарының қатысуымен Астана алаңында өтеді. Мөлдір, ал Қызылорда халқының жаңа жылға дайындығы қалай? Сөз сенде.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Иә, Жомарт, бізде де жаңа жыл алдындағы атмосфера керемет.   Мен де жұмыс арасында жүріп жақындарыма сыйлық алуға базарға шықтым. Көше, дүкен алдарында ерекше музыкалар мен безендірулер, бір сөзбен айтқанда мерекенің лебі байқалады. Тіпті, мен отырған такси жүргізушісі де Аяз атаның киімін киіп алыпты. Бұл да адамға керемет көңіл-күй сыйлайды.

Бақытжан Ахметов 2 жылдан бері жаңа жыл қарсаңында Аяз атаның киімін киюді үрдіске айналдырған. Айтуынша, жолаушылар оны жылы қабылдап, алғыстарын жаудырады екен.

АХМЕТ БАҚЫТБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мінген адамдар барлығы таңырқап, мерекелік көңіл-күй сыйладыңыз деп риза болып қалады. Әсіресе, кішкентай балалар мінсе аяз ата деп шынымен сеніп, тақпақтарын атады. Сол кішкентай балалардың мәз болғанын көріп, күлгенін, шын қуанғанын көріп өзі де жақсы әсер аламын.

Мереке қарсаңында базарда да қарбалас. Барлығы жақындарына сыйлық іздеп шабылып жүр. Мұндайда қыз-келіншектер белсенді. Олардың таңдауы көбіне әдемі ыдыстарға, орамал немесе сөмкеге түсетін көрінеді. Ал балалар бұл күні тәтті мен ойыншықтарға қарық болады.

 

БЛИЦ:

- 9 немерем бар, тоғызына 9 сыйлық алдым. Әрқайсысына өзіне лайықты сыйлық алдым. Тәтті-пәттісі ішінде барлығы. Біреуіне ғана кукла алдым. Өйткені ең кенже немерем тұғын.

- Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Барлық халқымызға дендері сау болсын. Бейбітшілік заман болсын. Немерелерімен тәттілер алып жатырмын. Олар тәттіне жақсы көреді ғой. Кішкентайлар ойыншықты жақсы көреді.

- Әйеліме жанжарыма сыйлық іздеп жүрмін. Әйеліммен ұрыссып қалған болатынмын. 2026 жылдан бастап жақсы өмір сүрсек деген тілектемін. Алтын браслет алып әйелімді бір қуантайын дегенмін. Анамның туған күнімен құттықтап шықтым. Анама сыйлығымды жасадым.

МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Міне, базардың іші, сыртында да сауданың көркі қызып жатыр. Бұл да жаңа жылдық кешті басқа мерекелерден ерекшелеп тұратын тәрізді. Ендеше, келе жатқан жылымыз берекелі болсын. Жылқы жылында жағымды жаңалықтың жаршысы болайық.