Шығыс Қазақстан облысы Бозанбай ауылында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған алғашқы заманауи оңалту орталығы ашылды. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен және «Baquatty aimaq qory» орталығының қолдауымен жүзеге асты. Айта кетейік, ауылдық жерлерде инклюзивті инфрақұрылымды дамыту – «AMANAT» партиясының басым бағыттарының бірі.
Оңалту орталығы үш қабатты ғимаратта орналасқан. Мұнда аутизм спектрінің бұзылыстары, менталдық және психоневрологиялық ауытқулары бар балаларға кешенді көмек көрсетіледі. Яғни, түзету, дамыту және әлеуметтік жұмыс жүргізуге барлық жағдай жасалған. Емдік дене шынықтыру залдары, тұзды және шунгит бөлмелері, сенсорлық интеграция, ерте араласу, робототехника, еңбек терапиясы кабинеттері, ойын және демалыс бөлмелері бар.
АЛЬМИРА МУСИНОВА, ШҚО ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ҮЙЛЕСТІРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл орталық 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды қамтиды. Мұнда балалар сегіз сағаттық күндізгі режимде де, тәулік бойы да бола алады. Себебі бұл орталық тек Ұлан ауданының ғана емес, Өскемен қаласы мен жақын маңдағы басқа да аудандардың балаларына оңалту қызметін көрсетуге арналған.
Бозанбайдағы жаңа орталық балаларға ерте көмек көрсету және оңалту жүйесін дамытуға арналған тірек алаңына айналады. Бұл -ауылдық жердегі отбасылар үшін үлкен мүмкіндік, әрі қолдау. Бұл міндеттер «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында басым бағыт ретінде белгіленген.
САНИЯ АУБАКИРОВА, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз облыс бойынша әлеуметтік нысандарды аралаймыз. Қолжетімді ортаны, көрсетілетін қызметтердің сапасын, балаларға бұл жағдайлардың қаншалықты қолайлы екенін қараймыз. Қажетті жабдықтар мен материалдардың жеткіліктілігін тексереміз. Егер қандай да бір мәселе болса, оны мәслихат отырыстарында көтереміз.
Қазіргі таңда орталықта педагогтар, психологтар, реабилитологтар мен әлеуметтік қызметкерлерден құралған мамандар штаты жасақталған. Кадр даярлауға ерекше көңіл бөлінген: қор қаражаты есебінен қызметкерлер оқытылып, заманауи оңалту және медициналық құрал-жабдықтар сатып алынған.
ГҮЛМИРА АБИЛЬДИНОВА, «AINALA» ҚОҒАМДЫҚ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Жақын арада осы орталықта көптеген бақытты оқиғалардың куәсі боламыз деп үміттенеміз. Ата-аналар өздерін жалғыз сезінбейді, және аз да болса бақытты бола түседі.
Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін сапалы көмектің үйге жақын жерде болуы аса маңызды. Бұл жоба нақты инклюзияға жасалған маңызды қадам болды.