Солтүстік Қазақстан облысында интернет-алаяқтық дерегі дер кезінде тоқтатылды. Сергеевка қаласының 62 жастағы тұрғыны 500 мың теңгеге жуық қаржысын алаяқтарға аудара жаздаған.
Зейнеткерге белгісіз ер адам қоңырау шалып, оның атына маркетплейстен сәлемдеме келгенін айтқан. Жеткізуді растау үшін жіберілген кодты сұраған қоңырау шалушыға әйел деректерін бірден айтып берген.
Осыдан кейін алаяқтар өзін банк және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, әйелдің атына несие рәсімделіп жатқанын хабарлаған. Ақшаны "сақтау" сылтауымен олар шұғыл түрде "айнадай несие" алып, қаражатты "қауіпсіз шотқа" аударуды талап еткен.
Психологиялық қысымға түскен әйел банкке жүгініп, 500 мың теңге несие алған. Алаяқтар ақшаны Петропавл қаласындағы банкомат арқылы аударуды талап еткен соң, зейнеткер облыс орталығына жол тартқан.
Сауда орталығында банкомат іздеп жүрген абдыраған әйелді СҚО полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкерлері байқап қалады. Әңгіме барысында оның ұзақ уақыт бойы алаяқтардың ықпалында болғаны анықталған.
Полицейлер алаяқтардың әрекетін дереу тоқтатып, күмәнді нөмірлерді бұғаттауға көмектесті, "қауіпсіз шот" деген ұғымның жоқ екенін түсіндіріп, ақшаны аудармауға көндірді. Сондай-ақ несие алудан ерікті түрде бас тарту үшін ХҚКО-ға жүгінуге кеңес берді.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырады: банк те, полиция да ешқашан телефон арқылы несие рәсімдеуді, ақша аударуды немесе құпия деректерді сұрамайды. Күдікті қоңыраулар түскен жағдайда, бірден байланысты үзіп, 102 нөміріне хабарлау қажет.