Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында осылай деді.
Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін түбегейлі өзгеріс жасау аса маңызды екенін атап өтті. Президент Қазақстандағы салық саясаты, экономикалық өсім, үкімет жұмысы, инфрақұрылым, көлік және логистикаға қатысты сұрақтарға жауап берді. Мақаланың мазмұнын толығырақ тілшіміз Айсәуле Съезбек айтады.
Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні жаңа дәуірдегі ел дамуының алғышарты деп санайды. АҚШ пен Қытай бұл бағытта бірінен бірі өткен бағдарламалар қабылдап жатыр. Сондықтан Қазақстанның да қамсыз отыратын жөні жоқ. «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойылды. Alem.Cloud және Al-Farabium деп аталатын екі суперкомпьютер іске қосылды. Ендігі салынатын дата орталықтар мен автоматтандырылған өндіріс кешендеріне сенімді энергия көзі ауадай қажет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірнеше атом станциясын салу – біріншіден, тарихи олқылықтың орнын толтыру деген сөз. Себебі, уран өндірісі бойынша әлемде көш бастап тұрған елдің бірде-бір атом электр станциясын салмауы мүлдем ақылға қонбайды. Екіншіден, бұл қадам Қазақстанның абырой-беделін нығайта түседі. Біз атом станцияларын салу арқылы техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастырамыз. Тиісінше, мемлекеттік саясаттың түпкі мәнін өзгертеміз. Осыны қаперден шығармаған жөн.
Шетелдіктер Қазақстанды «коммунизм орнаған» ел деп атайды. Өйткені әлеуметтік саладағы барлық міндеттемені мемлекет толық орындайды. Әсіресе, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен көптеген жеңілдікке көршілер қызыға да, қызғана да қарайды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірақ жекеменшік білім беру, денсаулық сақтау мекемелеріне оңды-солды шашылған субсидияны реттеу керек. Президент лауазымды тұлғалардың мемлекет мүддесіне қайшы келетін нәрселерді «өз қолымен» жасағанына таңғалатынын жасырмады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бір сөзбен айтқанда, тиісті мекемелердің жөнсіз іс-әрекеттерінің кесірінен білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жеке кәсіпкерлік ұғымы бұрмаланып кеткен. Ахуалды түзеу қажет. Бюджеттен қаржы бөлінбесе, әлеуметтік нысандардың қиын жағдайға тап болуы мүмкін екенін түсінемін. Бірақ, жеке бизнесті түгелдей дерлік мемлекеттің мойнына артып қоюға болмайды.
Халықаралық сарапшылар Қазақстан халқын «орташа табыстар қақпанына» түсіп қалды дейді. Бұл -азаматтардың күнделікті басынан өткеріп жатқан өмір шындығы. Тапқанын инфляция құнсыздандырады. Қалғаны ипотека мен ішіп-жемнен аспайды.
ДІНМҰХАММЕД ҒАЛИ, ҚОЛДАНБАЛЫ ЭТНОСАЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Осы жылдың қорытындысы бойынша тапқан табыстың 1,2-1,5 пайызға азайғанын көріп отырмыз. Бұл мәселеге де президент тоқтап кетті. Үкіметке тапсырыс берді. Сандық экономикадан сапалы экономикаға көшу деген үндеу берді. Ұлттық банк, 2026 жылға қойған инфляция мәселесін шешіп, халықтың табысын көбейтуге септігін тигізеді деп сенімдемін.
Қазақстан қыруар қаржы бөлетін ауыл шаруашылығы саласы әлі межелі көрсеткішке жетпеді. Соңғы 10 жылда қолдау көлемі 10 есе артқан. Бірақ өнім көлемі 2,5 процент қана өскен. Үкімет бұл салада кооперативтерге қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Дамыған елдердегі кооперация жақсы қырынан көрінді. Тіпті, ірі корпорация деңгейіне жеткен бірлестіктер бар. Қазақстанның барлық ауылында табысты кооперация құруға негіз болатын алғышарттар жеткілікті. Бірақ, кооперация өзінен өзі пайда бола салмайды. Ел ішінде егжей-тегжейлі түсіндіру және ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу қажет. Алайда, бірлестік құру ісін науқанға айналдырып, жұртқа қысым көрсетуге, оларды мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Қаңтар оқиғасынан кейін олигополияның 1,3 трлн заңсыз активі мемлекет қазынасына қайтарылды. Оған 434 әлеуметтік және коммуналдық нысан салынған. Әділеттілікті қалпына келтіру әрі қарай жалғасады. Президент сұхбатында саясатқа қитұрқы ойындарымен әсер еткісі келетін ірі бизнесмендерді сынады. Ал қиын-қыстау кезеңде елмен бірге болған қайырымды кәсіпкерлер жоғары наградаға ие болады. Ал әскердегі әлімжеттікті енді жеке өзі қадағалайды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым.
НҰРДӘУЛЕТ ЗАТИЛЛА, ҚАЗАҚСТАННЫҢ САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:
Президент қоғам арасында болып жатқан барлық нәрселерден хабардар екенін, газеттерді жиі оқып тұратынын да айтып өтті. Дегенмен ол әлеуметтік желілерде пікірлерге саралап, байыппен қарау керек екенін атап өткен болатын.
Посткеңестік елдердің ішінде коммуналдық қызметтің ең төмен бағасы Қазақстанда. Мұндай «тұрақтылық» жылдар бойы ірі кәсіпорындардың қалтасын қалыңдатты. Өмірі жөндеу көрмеген нысандар қауіпті «қызыл» аймаққа өтті. Үкімет мұндай 19 мекеменің 9-ын жөндеді. Енді тарифтер азаматтардың пайдалануына қарай өспек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру үшін, ең алдымен, мәселені шешу жолдарын өзгерту қажет. Мемлекет көмекке шын мұқтаж адамдарға ғана тікелей, атаулы өтемақы төлеу арқылы қолдау көрсетуге міндетті. Сондықтан, тарифтерді көтеру – ақылға қонымды, яғни тиімді және әділ экономика құру үшін аса қажет қадам. Кім қанша тұтынса, сонша төлейді, қолдауға шынымен зәру адамдарға ғана көмек беріледі. Тарифтер әділетті болуы керек, яғни «неғұрлым көп тұтынған, соғұрлым көп төлейді» деген қағидат берік орнығуға тиіс.
Биыл – тәуелсіздікке 35 жыл. Бұл- өткенді саралап, болашаққа жоспар құратын уақыт. Мерейлі белесті науқаншылдыққа айналдырмау керек. Тазалық пен үнемшілдікке ұмтылып, БҰҰ жариялаған Халықаралық еріктілер жылына үлес қосу қажет. Президент «сіз кімсіз?» деген сауалға, «мемлекетшіл адаммын» деп жауап қатты. Әрбір отаншыл азаматтың ел үшін ерінбей еңбек ететініне сенім білдірді.