1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар көлемі ұлғайды. Бұл өзгеріс айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты. Биыл 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшері 4 325 теңге болып бекітілген. Осыған сәйкес бірқатар әлеуметтік төлемдер шамамен 10 процентке артты. Бұрын бірінші, екінші және үшінші балаға 149 416 теңге төленсе, қазір бұл сома 164 350 теңгеге жетті. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға берілетін жәрдемақы 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өсті. Көпбалалы отбасыларға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері де қайта есептелді. Төлем көлемі бала санына қарай белгіленеді. Мәселен, төрт баласы бар отбасы бұрын 63 030 теңге алса, енді 69 330 теңге алады. Ал он баласы бар жанұяларға төленетін жәрдемақы 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін артқан. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылардың барлық топтары бойынша өсім бар. Енді I топтағы мүгедектігі бар адамдар 111 872 теңге, II топтағылар 89 498 теңге, ал III топтағылар 61 021 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайлары бойынша әлеуметтік төлемдер де 10 пайызға көбейді. Бұл төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылады және әр азаматтың жағдайына қарай жеке есептеледі.