Қызылжарда су құбыры жарылып, ондаған үйді су басты. Апатты жағдай Береке шағын ауданында болды. Қазір арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Алайда, жер астынан шығып жатқан судың тоқтайтын түрі жоқ, дейді тұрғындар.
Денис Шаров түн ортасында сарылдаған судың дыбысынан шошып оянғанын айтады. Дүние-мүлкінің көбі бүлінген.
ДЕНИС ШАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Қабырғадағы жапсырмалар, еден мен жиһаз жарамсыз боп қалды. Қалалық әкімдік бізге уақытша пана ұсынды. Бірақ үйімізді тастап кете алмаймыз. Себебі, жылу жүйесі қатып қалуы мүмкін.
Қазір жағдайды қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 20ға жуық маман мен 13 техника жұмылдырылған. Помпалар 12 сағаттан артық үздіксіз жұмыс істесе де, су таусылар емес.
ГАЛИНА САЛЬКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Техникадан шыққан газдан басымыз айналып жатыр. Мен жөндеу жұмыстарын жуырда ғана бастап едім. Енді бүкіл еңбегіміз зая кетіп, шығынға баттық.
Жауапты тұлғалардың айтуынша, әдеттегідей әбден тозған темір құбыр емес, 15 жыл бұрын тартылған пластик құбыр жарылған. Қалалық сумен қамту кәсіпорны апаттың орнын және себебін әлі анықтамаған көрінеді.
ИГОРЬ ГОЛОДНИКОВ, “ҚЫЗЫЛЖАР СУ” ЖШС БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Жарылған құбырдың диаметрі -225 мм. Біз оны жауып тастап, тұрғындарға суды басқа құбырдан қостық. Біз суды жапқанша ол жайылып үлгерді. Қазір енді үйлердің жертөлесіне жиналып жатыр. Су әбден тоқтаған соң, жерді қазып, апат орнын іздейміз.
Тұрғындар шығын көлемі есептелген соң, құзырлы органдарға өтемақы мәселесімен жүгінбек. Айта кету керек, Қызылжарда су құбырларының шамамен 58 пайызы тозған.