$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп келесі кезекте Мексика және Колумбиямен айналысады

Трамп келесі кезекте Мексика және Колумбиямен айналысады

Мадуроның биі Трампты ашуландырып, әскери операцияны бастауға итермеледі. Нью-Йорк Таймс АҚШ Президентінің күтпеген қадамына не түрткі болғанын білді. Венесуэланың қазіргі уақытша билігі мұнай бермесе, қайтадан басып кіремін, - дейді Трамп. Одан бөлек, Мексика, Колумбия және Кубаның кезегі келіп қалғанын айтып АҚШ Президенті көпшілікті бір қорқытты. Ал, жарты сағат ішінде ұрлап әкеткен Мадуроны Нью-Йоркты шарлатып мазақ етуде. Дегенмен, Венесуэла халқы мен өзге елдердегі диаспора дән риза. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Уақытша Президент Делси Родригес басын аман алып қалғысы келсе, маған бағынсын. Трамп өзінің шартын қайталады. АҚШ Президентіне Венесуэланың барлық қазба байлықтарын өндіруге мүмкіндік керек. Оның үстіне, елді басқаруда өтпелі кезеңді де бақылауда ұстауға мүдделі.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұрынғы Венесуэла билігі, бізді миллиардтаған шығынға батырды. Соның орнын толтыру керек. Мұнай кен орындарына баратын жол да жоқ. Оны да қайтадан өз ақшамызға саламыз. Қазіргі билікке мен 2 апта уақыт беремін. Келіспесе, өздерінен көрсін. Бірақ, мен Венесуэла халқының әл-ауқаты артып, жақсы өмір сүргенін қалаймын.

Осымен тоқтаймын десе, олар қателеседі. Трамп, бірнеше мемлекет басшысына қатаң ескерту жасады. Жақын арада олармен де айналысатынын мәлімдеді. Атап айтсақ, Колумбия мен Мексикаға қатты шүйлікті. Ал, Куба Трамптың айтуынша, өзі-ақ құлдырап, саяси дағдарысқа ұшырайды.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мексика бізбен шекаралас, керемет ел. Ал, Клаудия Шейнбаум – өте сымбатты әрі тартымды келіншек. Мен онымен сөйлескенде, талай айттым. «Әскер кіргізіп, наркокартельдерді жояйын дедім». Бірақ, ол тыңдамады. Бізбен шекаралас елді қылмыстық ұйымдар басқарып отыр, оған бей-жай қарай алмаймын. Шейнбаум ханымды ұнатқаныма қарамастан, шара қолданбасқа амалым жоқ. Дегенмен, бірінші Колумбиядан бастаймын. Себебі, ол есірткі сатып байып отырған әрі есінен алжасқан топас адам.

Трамптың әрекетін Венесуэла халқының көпшілігі қолдады. Елден қашуға мәжбүр болғандар да өзге елдерде көшеге шығып, тойлап бітпей жатыр. Алайда, Нидерланд астанасы Амстердамда бір топ адам АҚШ әрекетіне наразылығын білдіріп, ереуіл ұйымдастырды.