$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Депутаттар өңірлерді аралап жүр

AstanaTV
05.01.2026ж. 19:00
Депутаттар өңірлерді аралап жүр

Депутаттар өңірлерді аралап жүр. Тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді назарға алуда. Ауылдағы ағайынды не мазалайды, олардың көкейіндегі түйткілдер қандай? Тілшіміз Үсен Астана жеткізеді.

Депутаттар Астанадағы  ардагерлер госпиталіне барды. Медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, қарттарды әлеуметтік қолдау мен дәрігерлердің мәртебесін заңнамалық деңгейде бекіту мәселесін талқылады.

 Елімізде ардагерлердің денсаулығын түзеуге арналған небәрі екі орталық бар.  

САМАТ НҰРТАЗА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің ойымша әрбір облыс орталығында болса артық етпес еді, себебі +өмір болған соң әр қоғамда денсаулығынан бір зардап шеккен немесе проблемасы болған азматтар болады, олар мүмкін Қостанайдан немесе Қызылордадан қалай келеді,келетін жағдайы болмауы мүмкін, сондықтан да әр облыс орталығында болса, керемет болар еді.

Ал Жамбыл облысында депутаттар  тозығы жетіп, қайта жаңғыртылып жатқан №27 мектепке барды. Құрылыс сапасы АМАNАТ партиясының бақылауында.  Ал Жібек жолы ауданындағы  білім ұясында бұған дейін 400 бала оқыған. 3 бөліктен тұратын ескі нысанның орнына 600 орындық жаңа мектептің құрылысы былтыр маусымда басталған. 3,7 млрд теңгенің жобасы биыл қарашада мерзімінен бұрын аяқталады дейді мердігерлер. Өңірде өткен жылы 26 нысанның құрылысы жүріп, 13 мектеп пайдалануға берілсе, үш ауысымдық оқу мәселесі толық шешіледі. 

МҰҚАШ ЕСКЕНДІРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Үш ауысымдық оқу менің ойымша 1-2 жылда Жамбыл облысында біту керек. Қазір енді Жамбыл облысында 51 жылы салынған мектептер әлі бар. Биыл субвенция ретінде бюджеттік кодексте мемлекет тарапынан 6 трлн ақша бөлінді өңірлерге, осындай мәселелерді шешуге.

Депутаттар сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданының тұрғындарымен де кездесіп, әлеуметтік мәселелерді талқылады. Елдімекендерде маман жетіспейді. Сондықтан «Дипломмен ауылға» жобасының баламасы ретінде «Дипломмен моноқалаға» атты жаңа бағдарламаны қабылдауға қатысты тұрғындар ұсыныс айтты.  Бұл  жас мамандарға қолдау болып, халықтың көші-қонын тежейді дейді.

ЕРЛАН САИРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Мынау әсіресе шекаралық аймақтарда тұрған моно қалалардың дамуын қамтамасыз ету үшін бұл мәселені шешу қажет деп санаймын, ірі қалалар бар енді Шығыс Қазақстанда Серебрянск, Алтай, Зайсан бұл қалалардың барлығы енуі керек, біз соған жұмыс істейтін боламыз, бұл өте маңызды мәселе.

Кездесулерде айтылған мәселелер назардан тыс қалмайды. Ол бойынша депутаттар құзырлы орындарға ұсыныс жолдап, оң шешілуі үшін тиісті жұмыстар істелетінін айтты.