$541.34 €640.73 ₽6.53
×

«Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдету қажет – Үкімет басшысы

06.01.2026ж. 11:54
«Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдету қажет – Үкімет басшысы

 «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жеделдету қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

- Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сәтті өткізу үшін кәсіби қоғамдастық пен халықты кеңінен тартуды қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты Жасанды интеллект министрлігіне қаңтар айының соңына дейін Жылдың іс-шаралар тізбесін анықтап, бекітуді тапсырамын. Сондай-ақ мүдделі тараптармен бірлесіп, «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді және бекітуді жеделдету қажет, - деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Парламент цифрландыруды дамытудың негізін қалыптастыруға бағытталған Цифрлық кодексті қабылдағанын атап өтті. 

- Басқа да заңнамалық актілерге өзгерістер әзірлеп, Мәжіліске енгізу, сондай-ақ заңға тәуелді барлық салалық құқықтық актілерді сәйкестікке келтіру қажет. Жүргізіліп жатқан заңнамалық өзгерістер бойынша IT-қоғамдастық пен жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, - деді ол.

Олжас Бектеновтің пайымынша, жасанды интеллект мемлекеттік секторда да белсенді енгізілуге тиіс. 

- Оны қолдану атүсті автоматтандыруға емес, қалыптасып қалған процестерді қайта қарауға, мемлекеттік функцияларды орындаудың неғұрлым тиімді модельдеріне көшуге және бюрократиядан арылуды одан әрі жалғастыруға әкелуі керек. Ұлттық экономика министрлігі Стратегиялық жоспарлау агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, цифрландыруды кеңейтуді және жасанды интеллектінің қолданылуын ескере отырып, басқарудың барлық деңгейіндегі функцияларды қайта қарауға тиіс. Сонымен қатар Жасанды интеллект министрлігі министрліктердің бірінші басшыларының цифрлық орынбасарлары – CDO қызметінің нәтижелеріне сапалы талдау жүргізіп, 2026 жылға және одан кейінгі жылдарға арналған жаңа көрсеткіштерді белгілеуі қажет, - деді Үкімет басшысы.