Қаржылық мониторинг агенттігі «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дан азаматтардың зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару деректері бойынша стоматологиялық клиникалардың басшылары мен өзге де тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.
Агенттік мәліметінше, зейнетақы жинақтары стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және кейіннен жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы шығарылған. Аталған «қызмет» үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.
Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз шығарылған.