Астана қаласында ішкі істер органдары дәстүрлі түрде «Пиротехника» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді. Бұл жөнінде Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ғабит Бабаев пен Полиция департаментінің аға инспекторы Азамат Әмен айтты.
Іс-шара өткен жылдың 5 желтоқсанынан бастап, 3 қаңтарға дейін жалғасқан. Оның негізгі мақсаты — азаматтық мақсаттағы пиротехникалық бұйымдарды сату және сатып алу талаптарының сақталып жатқанын бақылау, сондай-ақ сертификатталмаған өнімді заңсыз сату деректерін анықтап, жолын кесу.
Тексеру барысында пиротехникалық өнімдердің айналымына қатысты заңнама талаптарының орындалуына баса мән берілген. Әсіресе рұқсат құжаттары жоқ сауда орындары мен шағын сауда нүктелері назарға алынған.Сонымен қатар сатылып жатқан өнімдердің сәйкестік сертификаттарының болуы тексерілді.Бұған қоса, пиротехникалық бұйымдарға мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану нұсқаулығының қоса берілуі де бақыланады.
Құзырлы органдардың мәліметінше, рұқсат құжаттарынсыз пиротехникалық бұйым сату бойынша 15 дерек анықталған. Аталған фактілердің барлығы бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 196-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ заңсыз айналымнан азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін 241 дана пиротехникалық бұйым тәркіленді.