Жапонияның батысындағы Cиманэ және Тоттори префектураларында бірқатар күшті жер сілкінісі тіркелді. Олардың біріншісінің магнитудасы 6,2 болған.
Алайда елдің метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, цунами туралы ескерту жарияланған жоқ.
Жапония метеорологиялық агенттігі сейсмикалық белсенділіктің жоғары деңгейде сақталып отырғанын және бір апта ішінде осындай күшті жер сілкіністері болуы мүмкін екенін ескертіп, сақтық шараларын қолдануға шақырды.
- Жер сілкінісі эпицентрінің айналасындағы аймақта осындай күшті жер сілкіністері бірінен соң бірі болған жағдайлар бұрын тіркелген, - деп ескертті агенттіктің жер сілкінісі мен цунамиді бақылау бөлімінің басшысы Аятака Эбита баспасөз мәслихатында.
Kyodo агенттігінің хабарлауынша, таңғы сағат 10:18-де болған жер сілкінісі Симанэ префектурасының шығыс бөлігіне әсер еткен. Одан кейін қысқа уақыт аралығында бірқатар жерасты дүмпуі, соның ішінде таңғы сағат 10:28-де магнитудасы 5,1 және таңғы сағат 10:37-де магнитудасы 5,4 жер сілкінісі болды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, сағат 11:00-дегі жағдай бойынша Тоттори префектурасында қаза тапқандар немесе мүлікке залал келтірілгені туралы хабарламалар түскен жоқ.
Премьер-Министр кеңсесінде жағдайға жауап беру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын үйлестіру кеңсесі құрылды. Бірінші жер сілкінісінен кейін электр қуатының үзілуіне байланысты Жапонияның батысындағы жылдам пойыз қызметі уақытша тоқтатылды. Бұдан басқа, Хирузен мен Йонаго арасындағы Йонаго көлік магистралінің учаскесінде, сондай-ақ Йонаго-Ниси мен Ясуги арасындағы Санин көлік магистралінің учаскесінде жұмыстар тоқтатылды.