Астана қалалық полиция департаменті Каспий құбыр консорциумының нысандарына жасалған шабуылды қолдап, пікір жазған қазақстандықтарды тергеп-тексеруді бастады. Тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі – ұлттық араздықты қоздыру бойынша тіркелген. Бас прокуратураның хабарлауынша, құқық қорғау органдары аталған пікірлерді таратқан тұлғаларды анықтап, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін дәлелдер жинап жатыр. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор мен Мәдениет және ақпарат министріне үндеу жолдап, Каспий құбыр консорциумы нысандарына жасалған шабуылды қолдайтын азаматтардың әрекетін терроризмді насихаттау немесе мемлекеттік опасыздық ретінде қарастыруды ұсынған болатын.