Еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы күрт бұзылды. Қолайсыз климат жол қозғалысына да, әуе қатынасына да әсер еткен. Толығырақ аймақтардағы жағдайды тілшілеріміз баяндайды. Назерке, сөз кезегі өзіңде.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Иә, Бекболат Астанада ауа райы бұзылды. Қар жауып, боран соғып тұр. Әуежайдан ұшатын және қонатын ұшақтар уақытша кешікті. Ал Түркістаннан Астанаға қарай ұшуы тиіс бір рейс орындалған жоқ. Елордадан басқа қалаға ұшатын 5 рейстің де уақыты шегерілген.
Желдің екпіні күшті. Көшеде жүру қиын болып тұр. Бұл қозғалысқа да кедіргі келтіруде. Бүгін таңертеңнен бері шамамен 100 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қаладан шығатын екі тас жол жабылды.
БЛИЦ:
- Көкшетаудан келгем үйге жете алмай жүрмін. Сообщение жіберіп жатыр, жол жабық деп. Енді тосам, бір-екі күн жатамын
- Кеше ғана рахат еді, бүгін түсінбей жатырмыз, тез ауысып кетіп жатыр. Қаланың іші иә, тайғақ
- Тазаланып жатыр уақытылы, бірақ кей көшелерде қардың қалыңдығына үлгермей жатыр. Осында туылғам ғой, үйренгенбіз мұндай ауа райына
Ақтөбе облысында да қолайсыз ауа райына байланысты төтенше жағдайлар қызметі ескерту жасады. Алға және Хромтау аудандарында қар құрсауында қалған 11 автокөлік шығарылып, 33 адам құтқарылды. Оның жетеуі бала.
ЖАҢАБАЙ НҰРДАУЛЕТ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 4 учаскесінде автокөліктің барлық түрлеріне қозғалыс толық жабылды. Сондай-ақ 2 учаскеде жүк автокөліктері мен автобустардың қозғалысы шектелді.
Жұрын ауылдық округінде денсаулығы күрт нашарлаған азаматқа Төтенше жағдайлар министрлігінің көмегімен медициналық көмек көрсетілді. Қолайсыз ауа райына байланысты жедел жәрдем жете алмаған, дәрігерлер арнайы техникамен барды. Қазір науқастың жағдайы тұрақты.
Ел аумағында 44 мыңнан астам жеке құрам мен 14 мыңнан астам техникадан тұратын күштер мен құралдар тобы жұмыс істеуде. 1 681 жылыту пункті әзірленген. Ал 40 трассалық медициналық-құтқару бекеті қажет болған жағдайда жылыту орны ретінде пайдаланылады.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Құтқару қызметтері қазір күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кешеден бері Астана бойынша 407 тұрғын медициналық көмекке жүгінген. Біздегі ахуал осындай. Ал теріскейде жағдай қалай? Әріптесім Абзал Құрманкин баяндайды.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Иа, Назерке, Қызылжарда да ақтүтек боран. Қалың қар түсіп, бұқараны біраз әбігерге салды. Алай-дүлей желдің кесірінен ондаған көлік қар құрсауында қалды. Абырой болғанда, адам аман.
Құзырлы органдар өңірдегі жолдардың басым бөлігін жауып тастады. Ал талапты елемегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
АБЫЛАЙХАН ЖАҚСЫЛЫҚ, СҚО ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ:
Солтүстік Қазақстан өңірінде өткен тәулікте 10 адам құтқарылды қар құрсауынан және оның ішінде бір бала. 5 автокөлік жолдың жиегінен шығарылды төтенше жағдайлар департаментінің күшімен. Қазіргі таңда 5 облыстық маңызы бар және 8 аудандық маңызы бар жолдар жабық.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Жалпы теріскейде биыл жауын-шашын мол. Қарлы боран соғып, қыс өз мінезін танытуда. Өзгеріс, ал Павлодарда ауа райы қалай? Сөз өзіңде.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Рахмет, Абзал! Бізде ДЕ күн райы күрт бұзылды. Қар жауып, боран соғып тұр. Желдің жылдамдығы кей жерлерде 23-28 м/с жетті. Сол себепті республикалық маңызы бар жолдардың бір бөлігі жабылды.
Боранға байланысты Павлодардан Ресей Федерациясының шекарасына дейінгі, Атамекен кентінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі жолдарда көліктің барлық түріне шектеу қойылды. Одан бөлек облыстық маңызы 7 жол учаскесі уақытша жабық тұр.
АСҚАРБЕК ОМАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:
Синоптиктердің болжамы бойынша 6-қаңтар облыста қар жауып, боран болады. күндіз жолдарда көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік батыстан соғып, күші 15-20 м/с кей жерлерде 23-28 м/с дейін жетуі мүмкін. Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады.
Кешелі бері жауған қалың қар қаланы басып қалды. Коммуналдық қызмет күні түні жұмыс істеп жатыр. Шаһар көшелерін ақ ұлпадан аршуға 300 техника мен 250 адам жұмылдырылды.
МАҚПАЛ ҚАРЖАУБАЙ, ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІКТІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Маусым басталғалы бері шамамен 180 мың тонна қар шығарылды. Алдымен көлік қозғалысы көп жолдар мен тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар, сондай-ақ тұрғын үйлердің аулаларына апаратын жолдар тазаланады. Көктайғаққа қарсы материал себіледі. Қарды механикаландырылған түрде сырғытып жинау және сыпыру, бордюрдегі қар үйінділерін тазалау жұмыстары жүргізілуде.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Төтенше жағдай мамандары ауа райы жақсарғанша, алыс жолдарға шықпауға кеңес береді. Бұл өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін жасалған шара.