Николас Мадуроның орнына жаңа Президент тағайындалып, ант қабылдады. Делси Родригес Мадуро үшін соңына дейін күресемін дейді. Ал, Нью-Йоркте бүгін қамауға алынып, ұрланған Николас Мадуроға қатысты сот отырысы басталып, ресми айып тағылды. Бірақ, ол 4 пункт бойынша да өзінің кінәсіз екенін және әлі де тәуелсіз елдің Президенті екенін мәлімдеді. Ал, АҚШ жоғары лауазымды өкілдері Латын Америкасы болсын, Кариб бассейні болсын, өзге елдердің өктемдік жасауына жол бермейміз деп жарыса жариялады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шықты.
Делси Родригес – Венесуэланың жаңа Президенті. Бірақ, Трамптың оны бағындырып қойдық деген сөзі шындыққа жанаспайтын секілді. АҚШ Президентінің шарт-талаптарын естісе де, Мадуроны соңына дейін қорғаймын, - деп ағынан жарылды.
ДЕЛСИ РОДРИГЕС, ВЕНЕСУЭЛА ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің аса қадірлі Президентіміз Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флоресті АҚШ әскерінің ұрлап әкетуі – жүрегімізге батты. Халқымызға өте ауыр тиді. Николас Мадуро – қашан да біздің боливарлық республиканың Президенті болып қала береді. Мен оның жүргізіп келе жатқан кемел саясатын ары қарай да жалғастыруға ант етемін.
Батыс дүние бөлігінде енді ешкім үстемдік ете алмайды. Ондай нитеі барларды еш ойланбастан жазалаймыз. Мадуроға қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында АҚШ өкілі – Майк Уолтц осылай деп, барлығына сес көрсетті.
МАЙК УОЛТЦ, БҰҰ-ДАҒЫ АҚШ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:
Кеше мемлекеттік хатшы Марко Рубио мырза айтқандай, әңгіме біз өзіміз тұратын дүние бөлігі туралы өрбіп жатыр. Біздің кейбір саяси қарсыластарымыз Латын Америкасы және өзге бізбен көршілес елдерді Америкаға қарсы пайдаланғысы келеді. Осы жағдай оларға соңғы ескерту болсын. Енді, біздің мүддемізге нұқсан келтіргісі келетіндерді оңдырмаймыз.
Ал, АҚШ Қорғаныс Министрі Пит Хегсет, тіптен қатты кетті. Трамптың жақтастары үшін әдетке айналған мәнерінен таймады. Алдыңғы әкімшілікті айыптап, енді бірде-бір есірткі сатушы мен лаңкестерді тірі қалдырмайтынын мәлімдеді. Оның үстіне, Ресейді де мазақ қылды.
ПИТ ХЕГСЕТ, АҚШ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:
Соңғы 7 айда АҚШ аумағына Оңтүстік шекарамыздан ешкім заңсыз өте алмады. Біз Байден әкімшілігі мен демократтарға қалай жұмыс істеу керектігін көрсеттік. Олар қылмыскерлерді ұстап тұрып, жібере салатын. Ал, біз барлығының көзін жоямыз. Ресейдің Әуе Қорғанысы Кешендері тырнақшаның ішінде «Керемет жұмыс істейді» екен. Біздің 200 сарбаз еш зақым алмай, күліп-ойнап шығып кетті.
Ирандағы жаппай наразылық 31 провинцияның 27-де белең алды. Қазір 35 адам қаза тапты. Оның ішінде 29-ы наразылық акциясына шыққан адамдар, 4 – балалар, 2 – тәртіп сақшылары. Кейбір жерлерде ереуілшілер мен күштік құрылымдар арасында қарулы қақтығыс та болып жатыр.