Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен және Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен жұмыс кеңесін өткізді. Ерлан Қарин Мемлекет басшысына Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы қызметінің аралық нәтижелері туралы мәлімет берді. «Парламенттік реформа» арнайы бөлімі іске қосылғаннан бері 500-ге жуық ұсыныс келіп түскен. Халық арасынан, сарапшылардан және қоғамдық ұйымдардан жолданған ұсыныстар мен бастамаларды талдау, жүйелеу жұмыстары жалғасып жатыр.Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші Президентке Ұлттық құрылтайдың жұмыс секциялары бойынша желтоқсан айында өткен отырыстың қорытындылары және Құрылтайдың алдағы бесінші басқосуына дайындық барысы туралы баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаев барлық бастаманы жан-жақты саралап, оның негізінде конституциялық реформаның базалық тәсілдерін әзірлеуді тапсырды.