$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі өзгереді

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі өзгереді

Халыққа қызмет көрсету орталықтары енді цифрлық офистарға ауысады. Себебі, орталыққа жүгінетіндер саны жылдан-жылға азайған. Бұл туралы вице-премьер – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.  Сондай-ақ, алдағы екі жылда ауылдағы ағайын жаппай жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады. Биыл цифрлық активтер саласында да нақты жобалар іске асырылады. 

Жылда жырға айналған интернет мәселесі енді шешілуі мүмкін. Министр Жаслан Мәдиев елдегі 6 мың ауылдың 3 мыңы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады деді. Әзірге бұл қай ауылдар екені ашып айтылмады. Дегенмен жобаның жақсылығын халықтың 99 пайызы көреді деп отыр. Осы жолы шалғайдағы ағайын да ұмыт қалмаған. Ол үшін биыл тағы 2 спутниктік интернет операторы жұмысын бастайды.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Қазір Қазақстанда 3 спутниктік интернет операторы жұмыс істейді. Таяу уақытта тағы 2 шетелдік компания пайда болады. Олар бойынша пилоттық сынақты осы жылы өткізу жоспарланған. Сонымен қатар биыл Қазақстан темір жолы пойыздары мен Air Astana ұшақтарында спутниктің интернет іске қосылады. Әкімдіктер интернет жоқ жерлерде, туристік және жету қиын локацияларда жергілікті бюджет қаражаты есебінен спутниктік интернетпен қамтамасыз етуі қажет.

Сонымен қа тар, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметі түбегейлі өзгереді. Өйткені орталыққа азаматтар  бір жылда  15 млн рет барса, соның  80%-ы небәрі 10 мемлекеттік қызмет үшін ғана  келген.

 ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Осыған байланысты аталған орталықтар Apple Store үлгісіндегі Цифрлық халыққа қызмет көрсету офистеріне қайта форматталады. Азаматтар қызметтерді өз-өзіне қызмет көрсету арқылы алады. Барлық әкімдікке мұндай офистерді тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді сұраймыз.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов цифрландыру бойынша әлі де көңіл толмайтыннын айтты. Себебі аити салада күнделікті өмірде кеңінен қолдануға арналған шешімдер жетіспейді.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Бізде озық IT-шешімдер бар, бірақ ескірген әдістер әлі де сақталып отыр. Мысалы, қазақстандықтар үйдегі есептегіш құралдардың деректерін әлі күнге дейін телефон арқылы жібереді. Мұндай маңызын жойған бизнес-процестер тұтас салаларда бар. Құрылыста BIM-модельдер жоқ, бұл тиімді жобалау мен басқару мүмкіндіктерін шектейді.

Сондай-ақ, алаяқтарда заманға сай тез бейімделіп барады.Сондықтан Үкімет басшысы Олжас Бектенов құзырлылармен біргелікте жасанды интеллект министрлігі арнайы тетік ойлап табуын тапсырды. Бұдан басқа, Олжас Бектенов  Жасанды интеллект министрлігіне қаңтар айының соңына дейін «Digital Qazaqstan» стратегиясын әзірлеуді жүктеді. Сондай-ақ, енді азаматтардың деректерін қорғау үшін, ақпараттық жүйелерді Tier-III деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығына көшіру тапсырылды. Оны жауапты министрлік жылдың бірінші жарты жылдығына дейін аяқтауы тиіс.