$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді кешенді түрде қарастыруда

Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді кешенді түрде қарастыруда

Мәжіліс депутаттары өңірлерді аралау барысында елді алаңдатқан өзекті мәселені назарға алуда. Халықты сапалы ауызсумен қамту, инфрақұрылымды жаңарту, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізу күн тәртібінен түскен емес. Депутаттар әлеуметтік маңызы бар жобалардың баяу жүруіне алаңдап, олардың уақытылы аяқталуы қажет екенін айтады. Сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеу сынды экологиялық мәселелер де көтерілуде.

Алматы облысындағы Талғар қаласында магистральдық су таратқыштың құрылысы төрт жылдан бері бітпей келеді. Қаржы жетіспегендіктен нысанда жұмыс тоқтап, қала ескі су жүйесіне тәуелді болып отыр. Соның салдарынан  қысым төмендеп, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына су жетпей қалуда. Жобаның жалпы құны 4,6 млрд теңге болса, оны аяқтау үшін әлі 1,7 млрд теңге қажет. Депутаттар бұл мәселені бақылауға алып, жоба іске қосылса 50 мыңға жуық адам тұрақты ауызсумен қамтылатынын айтты.

ДАНИЯР ҚАСҚАРАУОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қаншама қаражат кетті. Ауызсу ол өздеріңіз білесіздер, ауызсусыз отыру мүмкін емес. Бұны уақыт күттірмейтін шаруа тез арада шешуін қаражатты қай жақтан болмасын облыстан болсын, республикалық болмасын ақшаны тез арада тауып бұл жұмысты биыл 26-ның аяғына дейін аяқтатуымыз керек. Соған біз күш саламыз.

Ал Тобыл өңірінде цифрлық технология мен жасанды интеллект мүмкіндіктері талқыланды. Мәжіліс депутаттары Лисаков шаһарындағы сандық шешімдер мен салалық жетістіктерді саралады. Мона қалада  цифрлық технология  кеңінен қолданылып келеді. Мамандар сандық мүмкіндіктер арқылы медицина саласының ісін  ілгерлетуде. Ал жасанды интеллект  бейнебақылау орталығының жұмысын жеңілдетіп отыр. Мәжіліс депутаттары цифрлық дамуға арналған дөңгелек үстелге қатысып, саланың сан түйткілін талқыға салды.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл үлкен кешенді мәселе. Бүгінгі талқылау бүкіл мәселені шешкен жоқ.Тек ғана біз өзекті өзі алдымызда тұрған бағыттарды көтердік.Ал енді жыл бойынша осы мәселелерді шешіп тұрамыз.Бұл цифрландыру жалғыз  2026 жылмен аяқталмайды.Бұл кешенді кезек кезегімен келе жатқан жұмыс.

Ал, Маңғыстау облысында «AMANAT» партиясының депутаттары Мұнайлы ауданындағы қалдықтарды қайта өңдеу мәселесін көтерді. Мәжіліс депутаты Еділ Жанбыршин қоқыс полигонына барып, жағдайды көзбен көріп, ауқымын бағалады. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлердің қызметі есебінен келіп түсетін қалдықтардың шамамен 40 пайызы престеліп, қайта өңдеуге жіберілуде. Депутаттың айтуынша, бұл шаралар мәжбүрлі сипатқа ие және толыққанды қайта өңдеу жүйесін алмастыра алмайды. Сондықтан алдағы 3 жылда өңірде алғашқы қоқыс өңдеу зауытының салынуы әбден мүмкін.

ЕДІЛ ЖАНБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір әлем бұл қалдықтарды өңдеу мен утилизация жасау мәселесінде алға қарай кетіп қалған. Бізде әлі күнге дейін бірде бір өңірде осы жоғары деңгейде сұрыпталатын немесе утилизация жасайтын не зауыт, не комбинат жоқ. Қазақстанда 5 миллион тоннадай осы тұрмыстық қатты қалдықтар жиналады екен. Оның бар болғаны 15%-ы ғана сұрыпталады. Сондықтан бүгінгі мына келіп қарап жүргеніміз Маңғыстауда да осы технологияларды әкеліп өңдеуіміз керек.

Мәжіліс депутаттары өңірлердегі өзекті мәселелерді кешенді түрде қарастырып, олардың шешілу барысын бақылауда ұстайтынын айтты. Әлеуметтік маңызы бар жобаларды уақытында аяқтау – басты міндет екенін атап өтті. Депутаттардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде жүзеге асады. Ал көтерілген мәселелер алдағы уақытта нақты шешімін табуы тиіс.