Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда Ұлы Отан соғысында ерлік пен батылдық көрсеткен Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова мен немересі Ержан Момышұлына Президент атынан айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін тапсырды.
– Халқымыз Бауыржан Момышұлын әрдайым батыр деп біледі, қаһарман деп қастерлейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл жолғы шешімі халықтың оған деген ыстық ықыласын одан әрі арттыра түсті. Ең бастысы, көптен күткен тарихи әділдік қалпына келтірілді, – деді Мемлекеттік кеңесші.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы шешімін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын.