Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, Ақмола облысының тәртіп сақшылары көлік жолдары мен теміржол өткелдеріне 3 мыңнан астам тексеру жүргізді. Тексеріс нәтижелері бойынша 301 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, бір жыл ішінде барлығы 3041 учаске, оның ішінде 2776 автомобиль жолы және 265 теміржол өткелі тексерілді. Зерттеу барысында жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін көптеген бұзушылықтар анықталды. Нәтижесінде, 301 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында ауылдық округтер мен қалалардың әкімдері, "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ, ТКШ өкілдері, сондай-ақ мердігер ұйымдар бар.
Атап айтқанда, ауылдық округтердің 72 әкімі және Атбасар, Ақкөл және Макинск қалаларының 3 әкімі жауапқа тартылды. Бұдан басқа, 18 лауазымды тұлға полиция ұйғарымдарын орындамағаны үшін тартылды, бұл заңнама талаптарын тікелей бұзу болып саналады", - делінген хабарламада.
Жыл ішінде анықталған проблемаларды жою үшін жергілікті атқарушы органдар мен жол ұйымдарына 386 ақпарат пен ұсыныс жолданған.