$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Атырауда жантүршілерлік қылмысқа күдікті бірнеше күн бұрын анасына несие жабу үшін ақша аударған

Атырауда  жантүршілерлік қылмысқа күдікті бірнеше күн бұрын анасына несие жабу үшін ақша аударған

Атырау облысында жантүршігерлік қылмысқа күдіктінің есімі белгілі болды. Ол марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы, Махамбет ауданының тұрғыны Сұлтан Сәрсемалиев. Бұл туралы полиция департаментінің өкілдері хабарлады.  Тілшімізге сұхбат берген күдіктінің анасы ұлының мұндай қылмысқа барғанына сенбейді.  Айтуынша, ұлы келінін төркініне апару үшін емес,  дәрігерге қарату үшін Атырау қаласына алып кеткен.  Соңғы рет  ол  бірнеше күн бұрын несиесін жабуға ақша аударыпты.

Күдіктінің  анасы Гүлнәр Әзмұханова ұлының әскерден келген соң күзетші, кейін жүк тасушы болып еңбек еткенін айттады. Ешкімге зияны жоқ, томаға тұйық,  жуас,- дейді.  Ал  келіні  психиатр есебінде  тұрған І топ мүгедегі екен. 4-ші баласынан кейін  жүйке жүйесінде өзгеріс байқалып,  түсініксіз мінезі жиілеген соң ұлы әлсін-әлсін дәрігерге  апарып тұрған.  Бұл жолы да бес  немересін қарап қалған.  Содан бері анасы да, балалары да әне-міне келеді деп есікке қарап телміріп жүр.

ГҮЛНӘР ӘЗМҰХАНОВА, КҮДІКТІНІҢ АНАСЫ:

11 желтоқсанда соқтым. Атыраудамын деді. Бір сабағын түсіне алмаған соң, түсіне алмадым, айтшы десем, видеоға шықты. Сосын былай ғой деп түсіндірді. Фотосын көретші деді, көрсеттім балаларды, «міне жақсы балаларың. Өзің жақсысың ба? Ақбаян қалай?» Жақсы, жақсымын, уайымдама, тағы соғам ғой деді. Одан кейін хабарсыз қалды. Шетелге кетемін деп айтқан жоқ деймін. Балаларды ала тұр, тек қалаға апарып, емдетіп алып келемін деді.

Соңғы рет желтоқсанның 21-і күні ұлынан 45 мың теңге түскен. Келінге ұялы телефон алып беру үшін 1 миллион теңгені несие алдыртып еді,- дейді анасы. Айтуынша, құдалармен жиі кездеспесе де, арада сыйластық болған. Бірақ қызының диагнозын біле тұра,  денсаулығын сұрап, жиендерінің  жай –күйін білуге бір келмеді,- деп өкпелі.   Бала-келіні қалада үй жалдап тұрған. Былтыр  ақпан айында ауылдағы мектепке ауыстырған. 5 баланың екеуі мектепте бастауыш сыныпта оқиды. Кенжесі жуырда  бір жасқа толған.  Балалар ата-анасын сағынды, оларға психологтың көмегі керек,- дейді әжесі. Аудандық  білім бөлімі мамандары  ата-анасы  хабар ошарсыз деп танылған жағдайда ғана қорғаншылық мәселесі қаралады,- дейді.  Оған дейін ата-әжесінің қамқорлығында болады.

АЙТӨРЕ ӘБЕНОВА, МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ӘДІСКЕРІ:

Осы тиісті құзырлы органдарға егер ата-әжесі қарай алмайтындай жағдайда қолхат беріп жатса, орналастыруымызға тура келеді. Ондай жағдайда үш жасқа дейінгі балалар балалар үйіне, орналасу керек болады. Үштен жоғары 18 жасқа дейінгі балалар бейімдеу орталығына орналастыруға тура келеді.  Бұл да балаларға үлкен соққы деп есептейміз. Сондықтан да мұндай үлкен қадамдарға барып отырған жоқпыз.

Полиция күдіктіге іздеу жариялады. Қазір оның жалдап тұрған үйінің маңындағы бірнеше кәріз құбырын сорып, арнайы техникамен жан-жақтың бәрін тінтуде. Сондай-ақ  қылмысқа өзге де тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Күдікті қала маңындағы Мұнайшы ықшамауданында мына шағын үйді  бір жыл  жарым бойы жалдап тұрған. Желтоқсанның ортасында  кілтін тапсырған. Қазір мұнда үш күннен бері жедел жылжымалы штаб жұмыс істеп тұр. Арнайы георадармен  іздеп жатыр. Сондай ішкі әскердің 50ден асам сарбазы маңайды шолып жүр.

Естеріңізге салайық, ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен  Нәсіп Өтешқалиеваның мүрдесі  өз үйінің сарайынан табылды.  Тума-туыс, ауылдастары оларды  бүгін жер қойнына тапсырды. Ал оның 33 және 36 жастағы ұл-қызы Наурыз бен Мейрамгүл  туралы әлі дерек жоқ.  Екінші қызы мен күдікті күйеу баласы Қазақстан шекарасын асып кеткен.