$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп: «Республикалықтар сайлауда жеңбесе, Конгресс менің көзімді құртады»

Трамп: «Республикалықтар сайлауда жеңбесе, Конгресс менің көзімді құртады»

«Аралық сайлауды жеңбесеңдер, демократтар маған импичмент жариялап, көзімді құртады». Трамп, өзінің жақтастарына үндеу жасады. Бірақ, АҚШ Президентінің жақсы жаңалығы да бар. Венесуэланың уақытша билігімен келісімге келді. Енді, мұнай өндіру және сатудан түскен ақша қарапайым венесуэлалықтардың мүддесіне жұмсалады, - деп хабарлады Ақ үй. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп импичменттен қорқады. Бұл туралы өз жақтастарымен кездесуде өзі де мойындады. Егер респукбликалық партия Конгрессте аралық сайлауда жеңіске жетпесе, АҚШ Президентінің басына қара бұлт үйірілуі мүмкін.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Демократтар өте ақылды, бірақ зұлым әрі түлкі сияқты қу. Алдыңғы менің Президенттік мерзімімде бар болғаны 10 минутта маған импичмент жариялады. Сондықтан, сендер оған жол бермеулерің керек.

Дәл сол жиында Трамп трансгендер спортшыларды мазақ етті. Құр сөзбен емес, жынысын ауыстырған спортшылардың ауыр атлетикада зілтемір көтеру сәтіне пародия да жасады.

АҚШ Венесуэла мұнайын өндіріп, сатуға келісім жасады. Бұл туралы Трамптың баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдеді. Ал, осы уақытқа дейін өндірілген қара алтынды АҚШ билігі халықаралық нарықта сата бастапты.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Бұл келісім біз үшін де, Венесуэла үшін де тиімді. Сондықтан, уақытша үкімет еш қарсылық көрсетпеді. Мұнайдан түскен қаражат ашық жұмыс істейтін халықаралық банктердің шоттарына түседі. Одан кейін біз бақылаймыз.

Салық ретінде және негізгі мұнай иесі ретінде Венесуэлаға түсетін пайданы АҚШ өзі жұмсайды. Оның бір тиынын да Венесуэла үкіметі көрмейді, - дейді мемлекеттік хатшы Марко Рубио.

МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:

Біз қазіргі режимнің сыбайлас жемқорлық пен өзге қылмыстарын қаржыландыра алмаймыз. Мұнайдан түскен ақшаның пайдасын тікелей халық көруі керек. Венесуэла халқының әл-ауқатын арттыру үшін жұмыс – бірінші міндет. Сонымен қатар, билік оппозицилық саясаткерлерді түрмеден шығарып және елге оралуына мүмкіндік беріп, өздерінің жақсы ниеттерін дәлелдеуі қажет.

Трамп Гренландияны тартып аламын деп қайта ұрандатқаннан кейін, Дания қатты сескене бастады. Аралды бермейтіндерін дәлелдеу үшін Дания Қарулы Күштері оқу-жаттығу өткізіп, ұшақтар мен дрондар санын көбейтуде.