Елімізде инвестиция тарту және өндірісті дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Өңірлерде жаңа кәсіпорындар іске қосылып, тұрақты жұмыс орындары ашылуда. Мәжіліс депутаттары Қарағанды, Ақтөбе және Жетісу облыстарындағы бірқатар өндіріс нысандарының жұмысымен танысты.
Қарағанды облысы Саран қаласында «ТЭМПО Қазақстан» зауыты болат тік жікті құбырларын шығармақ. Жобаның құны – 20 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 250 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісті іске қосу 2026 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған, ал техникалық іске қосу 2025 жылдың желтоқсан айында өтті. Жалпы 400 жұмыс орнын ашу көзделген, қазіргі таңда 108 адам жұмыспен қамтылған.
ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Осыдан 2 жыл бұрын біз осы зауыттың бастамасын көріп қайтқанбыз. Ол кезде бұл жерде үлкен ангар болды. Бүгінгідей деңгейде болатынына көзіміз жетпей кеткен. Енді міне уақыт алып келдік. Бұл жерде ауыр өндірістерге қолданылатын трубалар жасайтын зовод толық аяқталып қалған екен.
Ақтөбе облысында қаптама материалдарын өндіретін жаңа кәсіпорын кезең-кезеңімен іске қосылуда. «Capital Plast KZ» серіктестігі гофрленген қаптама мен стрейч-пленка шығаратын заманауи өндіріс орнын іске асырып жатыр. Жобаның жалпы құны – 12 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуатына шыққанда жылына 21 млн шаршы метр қағаз өнімі мен 1,8 мың тонна стрейч-пленка өндіру жоспарланған. Болашақта 200-ден 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады.
ҚАЗЫБЕК ӘЛІШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
"Ақтөбе облысында өздеріңіз білесіздер мына 4ші желтоқсанда ірі инвестициялық форум өтті. сол форум аясында 1,2 трл теңгеге көптеген инвестициялық жобалар бойынша келісімшарттар жасалды. Жалпы "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасы да осы еліміздің, өңірлердің экономикалық, сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Мына көптеген іс-шараларды қамтиды.
Мәжіліс депутаттары Жетісу облысындағы ірі өндіріс орындарының жұмысымен де танысты. Қазіргі таңда өңірде жалпы құны 50,6 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 988 жаңа жұмыс орны ашылған.
Ал Талдықорған қаласында 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 6,5 пайызға өсіп, 166,4 млрд теңгеге жеткен.
БОЛАТ КЕРІМБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "AMANAT" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Біз осы Талдықорған қаласындағы бірнеше нысандарды аралаймыз. Бұрын-соңды болмаған гимнастикалық орталық ашылыпты. Бұл енді спорт бағытында. Соны көріп қайтсақ па дегенбіз. Және де 6 жаңа микрорайон салынған соңғы 5-6 жылда. Сол микрайонның аумағында емханалар поликлиникалар болмаған. Біз енді биыл басталған 500 адамға арналған поликлиниканың қазір құрылыс жұмысымен танысуға барамыз.
Жалпы, өңірлерде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар экономиканың дамуына серпін беріп, жаңа өндірістер мен тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік жасап отыр.