Түркі елдерінің сауда-өнеркәсіп палаталары одағына биыл Қазақстан төрағалық етеді. Мұндай шешім ұйымның Астанада өткен үшінші ассамблеясында қабылданды. 8 мемлекеттің басын қосқан палата 2019 жылы құрылған. Басты мақсат – өзара экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту. Әрі кедендік, логистикалық рәсімдерді жеңілдету. Былтыр Түркі кеңістігіндегі Қазақстанның тауар айналымы 11 млрд АҚШ долларына жеткен. Еліміз 7,9 млрд долларға тауар экспорттаған.
РАЙЫМБЕК БАТАЛОВ, «АТАМЕКЕН» ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ТӨРАЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соңғы 10 жылдағы тәжірибе түркі елдерінің ортақ мәселелерін бірге шешу керегін көрсетті. Біздің біріккен потенциалымыз 180 млннан астам халықты құрайды. Палата биыл инвестициялық қор құрды. Ол көлік-логистикалық проблемаларды шешуге қаржы бөледі. Екінші кезекте –агроөнеркәсіптік кешен. Қазақстан бұл секторда көш бастайды. Су мен энергетика салалар бойынша да ірі инвестициялық жобаларымыз бар.
Одақ құрамында Қазақстаннан бөлек Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан мен Түркіменстан бар. Биыл Мажарстан мен Кипр қосылды. Сарапшылар елдер арасындағы сауда көлемі жалпы айналымның 10 процентіне жетпейді, - дейді. Сондықтан байланысты үдету, цифрлық қадамдарға көшу маңызды.
ВУГАР ЗЕЙНАЛОВ, ӘЗЕРБАЙЖАН КӘСІПКЕРЛЕР КОНФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Әзербайжан Каспи теңізіндегі трафикті ұлғайтуды ұсынып отыр. Өткені қазір теңіз арқылы өтетін тауар айналымы кеңеюде. Ал қалыптасқан қуаттың жетпейтіні айлақтар мен жүк кемелерінде кездесетін қиындықтардан көрінеді.