Шошқа тұмауы Батыс Қазақстан облысында да тіркелді. Егер науқас уақытылы емделмей, ауруын асқындырып алса, оның бұл кеселден көз жұмуы да мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл дерттің белгісі кәдімгі тұмау секілді: адамның қызуы көтеріліп, жөтел күшейеді, буын-буыны сырқырап ауырады. Өңірде тұмау жұқтырған 63 мыңдай науқастың көбі - бала, жүкті әйелдер де бар. Былтыр 1 қазаннан бері 188 адамнан гонконг тұмауы анықталыпты. Өңірде тұмаудың осы түрін жұқтырғандар саны 3,5 есеге өскен. Дегенмен мамандар жағдай бақылауда дейді. Ал ауруды таратпау үшін ертерек вакцина алып, сақтануды ұсынады.
НҰРЛЫБЕК МҰСТАЕВ, БҚО САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ата-аналардан сұрайтынымыз: тұмауратып, түшкіріп жүрген немесе жөтел болған, дене қызуы болған балалар міндетті түрде немесе қызметкерлер болсын, оларға бетперде тағу немесе олардан алыс болуы шарт. Мектептерде, балабақшаларда міндетті түрде фильтр қатаң болуы керек. Яғни, келген балалардың дене қызуын, аурушаңдық бар-жоғын анықтау керек. Сонымен қатар қызметкерлердің де ауру белгілері пайда болса, жұмыстан шектеу қажет.