АҚШ өз одақтастарына опасыздық жасады. Франция Президенті Эммануэль Макрон осылай деп сынға алды. Даудың басы – Данияға қарасты әлемдегі ең үлкен арал Гренландия. АҚШ вице-Президенті Вэнс болса, Қытай мен Ресейді Солтүстік Атлантикаға жолатқызып қойған өздерің кінәлі, - деп жауап берді. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
АҚШ барлық одақтастарынан теріс айналды. Тіпті, біздің жауымызға ұқсап барады. Ммануэль Макрон осылай деп сынға алды. Олай деуінің себебі, Венесуэладағы сәтті операциядан кейін, келесі кезекте Гренландия болуы мүмкін деген, қауесетті АҚШ билігі өздері таратып жатыр. Осыған орай, Макрон, Кәрі Құрлық қорғаныс мәселесі жөнінде АҚШ-қа тәуелді болмай, өз саясатын жүргізу керектігін айтты.
ЭММАНУЭЛЬ МАКРОН, ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:
АҚШ – әлемдегі жалғыз алпауыт мемлекет. Бірақ, ол өздерінің ең жақын одақтастарына опасыздық жасап, халықаралық құқық шарттарын белшесінен басты. Біз барлық ережелер бұзылып, көпжақты келісімдердің жұмыс істемейтін аса қауіпті кезеңге аяқ басып келеміз. Әлемді өз ықпал аймақтарына бөлу процессі – өткеннен қалған басбұзарлық.
АҚШ вице-Президенті Джей ди Вэнс болса, Трамп әрекетін ақтап алмақ. Оның айтуынша, қазіргі Ақ үй басшысы Гренландияға қызығушылық танытқан бірінші Президент емес. Ал, жарты әлемді өздеріне тиесілі учаскесінің қауіпсіздігіне Еуропа жауапты еді. Олар өз міндеттернін атқармады, - дейді Вэнс.
ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Өздеріңізге осы сұрақты қойып, жауап беріп көріңіздерші. Еуропа, әсіресе, даниялықтар Гренландия өзге ірі елдердің қарамағына өтіп кетпеуі үшін және әлемдік қауіпсіздік үшін саусағының ұшын қимылдатты ма? Сондықтан, Дания мен өзге біздің одақтастар өздері кінәлі. Гренландия – АҚШ зымыранға қарсы қорғаныс үшін аса маңызды жер.
Өзі кінәлі деген сөз Вэнстың тұрақты тіркесіне айналып бара жатқандай. Миннеаполисте миграциялық полиция атып өлтірген келіншек бірінші болып тәртіп сақшыларына қауіп төндірген дейді. Оның айтуынша, Трамп та, заңсыз мигранттарға қарсы рейд жүргізіп жүрген полицейлердің тапанша қолданғанын қолдаған. Қазір, қалада жұрт жаппай митингке шығып, тәртіп сақшыларымен қақтығыс болып жатыр.
ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:
Бұл трагедияны сол әйелдің өзі бастады. Полицейлерге алдымен кірпіш ала жүгіріп, артынан өз көлігімен таптап кетпекші болған. Миннеаполистегі жергілікті билік – солшыл-радикалдар. Олар өз міндетін абыроймен атқарған тәртіп сақшысын заңсыз қудаламақшы. Біз, өз тарапымыздан ол полицейге толық қолдау көрсетеміз.
Трамп ары қарай Венесуэлада әскери операциясын қайталай алмауы мүмкін. АҚШ Конгрессінің Сенаты Президент билігін шектейтін резолюция қабылдады. Енді Трамп, қайтара соққы жасаймын десе, Конгресс рұқсатын сұрауға міндеттеледі.