Бүгін Астанада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының 4-ші отырысы өтті. Еске сала кетейік, Президент жарлығымен 8-қазанда құрылған Жұмыс тобы 14-қазанда Мемлекет басшысының қатысуымен алғашқы отырысын өткізген болатын. Сол кезде e-Otinish мемлекеттік платформасы мен eGov қызметі жанынан Парламенттік реформа бөлімі ашылған еді. Бүгінгі отырыста мәлімделгендей оған азаматтардан, сарапшылық қауымдастық пен қоғамдастық өкілдерінен 500-ден астам ұсыныс түскен. Ерлан Қарин атап өткендей алдағы реформаны кең көлемде талқылау одан ертерек басталып кетті. Ол 2019-21 жылдары іске асқан саяси бастамалар мен 2022 жылғы Конституциялық реформаларды да қамтитын ауқымды саяси модернизацияның жалғасы. Жұмыс тобының отырысында болашақ Парламенттің өзге билік институттарымен іс-қимылы және оның атауы басты тақырып ретінде талқыға салынды. Жұмыс тобының мүшелері Конституцияға кіретін ауқымды өзгерістер заң шығарушы биліктің тиімділігін ғана арттырып қоймай, маңызды мемлекеттік институттардың өзара тиімді іс-қимылына серпін беретініне сенім білдірді. Парламент жүйесін жетілдіруге қатысты тың ұсыныстар жұмыс тобының келесі отырыстарында да қабылдана бермек.