Мәжіліс депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады. Мақсат ел арасындағы маңызды жобаларға қолдау білдіріп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асу. Осы жолы халық қалаулылары Түркістан облысы мен Алматы, Петропавл қалаларындағы бірқатар өндіріс нысандарының жұмысымен танысты.
Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында жаңа өндіріс орындары көптеп ашылуда. Соның бірі - алюминий профильдерін өндіретін кәсіпорын. 200 адамды жұмыспен қамтып отыр. Өндірісте шығарылатын өнімдердің басым бөлігі экспортқа бағытталған. Мәжіліс депутаттары өңірдің аграрлық әлеуетін заман талабына сай дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Қоғамдағы түйіткілді мәселелерді де ұмыт қалдырмады.
ТЕМІР ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қоғамдық қабылдауда көбінесе аудандық, облыстық мәселелер, ауыз су мәселесі әлі де шешілмеген бірәз мәселер бар, көгілдір газ мәселесі бар. Ал былай республика көлемінде Мақтаарал ауданында өзекті болып тұрған ПУТ-2 каналы бар, үлкен канал, соның толығымен құрылыс аяқталмаған. Ол 4,5 млрд-тай үлкен қаржыны қажет етеді екен. Бұны мен ертең Парламент қабырғасына барғанда министрлікке депутаттық сауал жолдайтын боламын.
Мәжіліс депутаттары Алматыдағы жаңа өрт сөндіру депосының құрылыс жұмысымен де танысты. Нысан Наурызбай ауданында бой көтеруде. Себебі, бұл аймақта өрт сөндіру бекеті тапшы. Жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Нысан осы жылдың 3-ші тоқсанында берілмек. Қазір төменгі қабат қабырғалары мен қызметтік үйдің құрылысы аяқталған.
АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Оның ерекшелігі 6 машина емін-еркін сиятындай, кем дегенде 20-25 этажға дейін жететін баспалдағы болатын сондай техника алынайын деп жатыр. Жаттығатын орындары болады, арнайы башнясы болады. бұл жерде биіктікке шығу, биіктіктен түсу деген сияқты жаттығуларын үнемі жүргізіп отыратын, 20 адам үнемі смена бір тәулікке кіретін мүмкіндігі болады.
Қызылжардағы саңырауқұлақ фермасы былтыр жеке инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асқан. Алып шаруашылық жылына саңырауқұлақтың 2400 тоннасы мен компосттың 4000 тоннасын өндіруге қауқарлы.
ЕРКЕБҰЛАН МӘМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Қазақстан халқы жыл сайын саңырауқұлақтың 8 тоннасын тұтынады. Мұндай өндіріс бүгінде тек Алматы облысында ғана бар. Оның өзінде, олар өндірген 2 мың тонна тек алматылықтардың өзіне ғана жетіп жатыр. Сондықтан бұл жоба елімізге ауадай қажет болып тұр. Ел президенті ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жайлы айтқан болатын. Осындай жобалардың іске асырылуы президент тапсырмасының орындалып жатқанын аңғартады.
Кәсіпорын 65 адамды жұмыспен қамтыған. Тың технологиялар өңірдің дамуына зор серпін бермек.