$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қаңтардағы ҰБТ басталды

10.01.2026ж. 13:27
Қаңтардағы ҰБТ басталды
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Бүгін қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) басталды. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Биыл ҰБТ-ға 187 мыңға жуық адам қатысуға өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Тестілеуге тіркелген талапкерлердің 75,2%-ы қазақ тілінде, 24,6%-ы орыс тілінде, ал 189 адам ағылшын тілінде тапсыруды таңдаған.

Министрлік мәліметінше, талапкерлер өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдаған.

Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика-физика». Бұл бағытты талапкерлердің 19,2%-ы таңдаған. Аталған комбинация болашақ мұғалімдер, инженерлер, механиктер, техниктер мен технологтар, энергетиктер мен құрылысшыларды даярлауға бағытталған.

Ал 16,9% талапкер «Биология-химия», 9,7% талапкер «Шығармашылық емтихан» пәндерін таңдаған. Бұл сәйкесінше медициналық және шығармашылық сала мамандықтарына түсуге ниетті талапкерлер.

ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тестілеу аяқталғаннан кейін талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген талапкерлердің сертификаты апелляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетінде жарияланады.

2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен екі бейіндік пәнді тапсырады.

ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі.

Ең жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.

Айта кетейік, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа дайындық бағыттарына немесе педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.