$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Венесуэла АҚШ-пен дипломатиялық қатынасты талқылайды

Венесуэла АҚШ-пен дипломатиялық қатынасты талқылайды
Фото: Anadolu

Венесуэла үкіметі АҚШ-пен дипломатиялық қатынастарды қайта орнату мақсатында диалог арналарының жандана бастағанын мәлімдеді.

Бұл туралы Венесуэла Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында айтылған.

Венесуэла үкіметі екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру үшін АҚШ-пен диалог арнасын ашты, – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың халықаралық құқық нормаларын өрескел бұзған әскери араласуы салдарынан елдің көптеген патриоттары қаза тапқанын атап өтті.

Венесуэла бұл агрессияға дипломатиялық жолмен қарсы тұрады. Өйткені біз боливарлық бейбіт дипломатияны егемендікті қорғаудың, халықаралық құқықты қалпына келтірудің және бейбітшілікті сақтаудың заңды жолы деп санаймыз. Бұл үдерістің мақсаты – президент пен оның жұбайының ұрлануы мен жасалған шабуылдың салдарын реттеу, сондай-ақ өзара мүдделі мәселелер бойынша жұмыс күн тәртібін бағалау, – делінген хабарламада.

СІМ мәліметінше, АҚШ Мемлекеттік департаментінің дипломатиялық делегациясы техникалық және логистикалық бағалау жүргізу үшін Венесуэлаға келген. Ал венесуэлалық дипломатиялық миссия өз міндеттерін орындау үшін АҚШ-қа жіберіледі.

Еске сала кетейік, Каракастың Барута ауданында орналасқан АҚШ елшілігі 2019 жылдан бері жабық тұр. Сол жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар тоқтатылған болатын.

Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің делегациясы 2019 жылы жабылған елшіліктің жұмысын қайта жандандыру мүмкіндігін бағалау мақсатында Каракасқа барғаны хабарланған еді.