$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Аялдамада отқа оранған трамвай оқиғасына қатысты тексеру жұмыстары басталды

AstanaTV
15.01.2018ж. 20:00
2880
Аялдамада отқа оранған трамвай оқиғасына қатысты тексеру жұмыстары басталды

Аялдамада әп-сәтте отқа оранған трамвай оқиғасына қатысты тексеру жұмыстары басталды. Бүгінде арнайы құрылған комиссия төтенше жағдайдың шығу себебі мен шығын көлемін анықтауға кіріскен. Алдын ала болжам бойынша өрт электр желілерінің қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін. Жолаушылар алапат өрттен қалай құтылды? Әсемгүл Мұхитқызы мән-жайды білді.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Павлодарда трамвай тағы да дау-дамайдың ортасында қалды. Жексенбі күні таңертең Кутузов-Толстой көшелері қиылысындағы аялдамаға аялдаған вагон кенет отқа оранып, толықтай жанып кетті. Қоғамдық көліктің сау тамтығы қалмағандығын әлеуметтік желіге тараған мына таспа нақ көрсетеді. 10 минуттің ішінде техника түгел жанып, тек қаңқасы қалған. Төтенше жағдай қызметі өкілдерінің ақпарынша, оқиға кезінде трамвайда он шақты жолаушы болған. Жүргізуші мен адамдардың шұғыл әрекетінің арқасында зардап шеккендер жоқ.

Тілекжан Галямов, Павлодар қалалық ТЖ басқармасының бас маманы:

Өрттің материалдық шығыны анықталуда. Алдын ала себеп электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып саналады.

Желіге шығатын қоғамдық көлік әдеттегідей тиісті бақылаудан өткен. Еш ақау анықталмапты. Дегенмен, кәсіпорын өкілдері бұл апатқа техника мен байланыс желілерінің әбден тозғандығы түрткі болғандығын мойындайды.

Қанат Кенжебаев, «Трамвай басқармасы» АҚ депо жетекшісі:

Бұл трамвай вагоны 1981 жылы пайдалануға берілген. Содан бері жұмыс істеп келеді. Негізі вагондардың пайдалану мерзімі 16 жылды құрайды. Ал, бұл трамвай белгіленген мерзімнен екі есе артық қызмет көрсетіп жүр.

Өңірде трамвай қозғалысы 1965 жылдан жұмыс істейді. Желідегі 104 вагон он бес бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Кәсіпорын ақпарынша, трамвай паркінің 70 пайызы ескірген. Осы күнге дейін бар-жоғы 10 трамвай ғана жаңартылды.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Трамвайдың өртенуі осымен бірнеше рет қайталанып отыр. Соңғы оқиға осыдан бірер жыл бұрын болған. Ол кезде жолдағы вагонның кабинасы жанып, жүргізушінің қолы күйіп қалған еді.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ