ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қызылорда облысына сапары кезінде Арал ауданының ең шалғай ауылдарының бірі Мергенсай ауылында жаңа мектеп ашылды. Білім ордасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ашылған “Келешек мектептері» ұлттық жобасының үлгісімен салынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған “ Келешек мектептері” жобасы елімізде сапалы білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Жоба аясында республика бойынша 460 мың оқушыға арналған 217 мектеп салынды. Жобаға қарасты 84 мектеп ауылдарда ашылды. Қызылорда облысында 7 мың баланың білім алуына мүмкіндік беретін 10 “ Келешек мектебі” ашылды, оның екеуі Арал ауданында орналасқан.
Мергенсай ауылындағы жаңа мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталған және ауыл балалары үшін қолжетімді, қауіпсіз әрі сапалы білім алу ортасын қалыптастыруға бағытталған. Білім нысаны оқушылардың қабілетін дамытуға, оқу процесін жақсартуға және ауылдық жерлердегі білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
“Бүгін міне Арал ауданының ең шалғай ауылы Мергенсайда жаңа мектеп ашылды. Бұл мектеп “Келешек мектептерінің” стандартымен салынған. Біз бүгін халықаралық талаптарға сай мектептің ауылға жеткенінің куәсі болдық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұстаздарға деген қамқорлығы ерекше, соның арқасында мұғалімдердің қоғамдағы мәртебесі арта түсті. Бүгінде ұстаз мамандығы еліміздегі ең тартымды мамандықтардың біріне айналды. Жаңа мектептің ұжымын, оқушыларды, ата-аналарды осы қуанышпен құттықтаймын”,- деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Сала министрі сонымен қатар Қызылорда облысының Қармақшы ауданының Байқоңыр қаласында орналасқан №277 мектеп-лицейдің жұмысымен танысты. «Қазақстан халқына» қоры бұл оқу ордасына 245 млн теңге көлемінде қаражат бөліп, мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартты.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі үшін мектеп инфрақұрылымын дамыту, ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайту және әрбір балаға тең мүмкіндік беру негізгі басымдықтардың бірі болып табылады. Министрлік осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастырады.