Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Майбалық ауылында жеке тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға орнынан әкесі мен баласының мәйіті табылды. Құтқарушылар тағы бір баланы іздеп жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір оқиға орнында департамент басшылығы жұмыс істеп жатыр, ТЖД психологтары үй иесіне қажетті психологиялық көмек көрсетуде.
Тілсіз жау 64 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз.
Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 24 қызметкер мен 6 техника, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы құрылымы қатысты, деп атап өтті ведомство.
ТЖМ азаматтарды пеш жағу, электр және газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.