$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қызылжарда әкесі екі баласымен отқа оранды

Қызылжарда әкесі екі баласымен отқа оранды

Қызылжар өңірінде жер үй жанып, әкесі екі баласымен бірге өртеніп кетті. Оқиға Мағжан Жұмабаев ауданы Майбалық ауылында болды. Кешкі жетілер шамасында жеке баспанадан өрт шығып, отанасы көрші-колаңды көмекке шақырған. Ал үйде отағасы үш және бір жасар баласымен бірге қалып қойған көрінеді. Куәгелердің баспана ішінен отбасы мүшелерін табуға қалың түтін кедергі болғанын айтады.

ҚҰМАР ЖЕТПІСОВ, МАЙБАЛЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Марина жүгіріп келіп, балаларды құтқаруды өтінді. Үйге есік арқылы кіру мүмкін болмады. Түтіннің қалың болғаны сонша, қол созым жерде ештеңе көрінбеді. Сосын үйді айналып терезені сындырып кірдім. Еден, жиһазды қолмен сипап, балаларды іздей бастадым. Бірақ нәтиже болмады. Сосын есікті әзер тауып, өзім шығып кеттім.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Алдын ала біз қазір айта алмаймыз. Өйткені, үй толығымен жойылған. Толығымен құлап кеткен ғой. Төбесі, қабырғаларын барлығын бұзып, шығарып жатырмыз. Оның астында адам қалғасын оны күрекпен немесе техника кіргізіп, сырып, итеріп тастайтын жағдай болмайды ғой. Денені табу үшін щеткамен тазалап, соны қарап жүр.

Араға бір сағат салып оқиға орнына төтенше жағдай мамандары келіп жетті. Алайда, бұл кезде лаулаған от қамыс үйді түгел орап алған екен. Өкінішке қарай, сала мамандары отбасы мүшелерін құтқарып қала алмады. Отағасы мен 3 жасар баланың денелері бірнеше сағаттан кейін үйдің жертөлесінде табылған. Өрт сөндірушілер үйдің сау тамтығы қалмағандықтан кенже баланың мәйітін табу қиынға соққанын хабарлайды. Тіпті өрттің алдын ала себебін айту да әзірге мүмкін емес көрінеді. Айта кету керек, полицейлер бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.